Ресей Киевке күндіз шабуылдаушы дрондармен шабуыл жасады. 28 қарашада, сенбіде, ресейлік дронның сынықтары астананың Соломен ауданындағы екі қабатты әкімшілік ғимараттың бір бөлігін құлатты. Құтқарушылар үйінді астынан қаза тапқан әйелдің денесін тапты. Шевченко ауданында сынықтар балабақшаның аумағына құлап, бес жасар ұл бала жараланды.
Әйелдің қаза тапқанын Киев мэрі Виталий Кличко Киев уақытымен шамамен 17:20-да (Астана уақытымен 20:20-да) хабарлады. Оның айтуынша, Шевченко ауданында барлығы төрт адам зардап шекті, екеуі ауруханаға жеткізілді, олардың арасында әлгі бала да бар. Кейін полиция қалада жараланғандар бесеу екенін, олардың екеуі кәмелетке толмағандар екенін нақтылады.
Жарылыс толқынынан балабақша ғимараты мен көршілес бес қабатты үйдің терезелері шағылды. Одан бұрын Шевченко ауданындағы тұраққа сынықтар құлап, көліктер өртенген. Шевченко аудандық әкімшілігінің басшысы Александр Сазанович ауданда бірнеше тұрғын үй зақымданғанын айтты.
Төменде – Киев қалалық әскери әкімшілігінің Соломен ауданынан алғашқы кадрлар жариялаған жазбасы.
Кличконың айтуынша, сол күні ресейлік дрон Киевтің аса маңызды инфрақұрылым нысандарының біріне тиді, сондықтан астанада жарық пен су үзілуі мүмкін.
Ресей дрондарының тұрғын кварталдарға, балабақшаларға және энергетика нысандарына соққысы – бейбіт қалаға жасалған лаңкестік шабуыл. Ресей Киевті күн сайын дерлік атқылап келеді: 25 қарашада астанаға баллистикалық зымырандармен соққы жасалып, үш адам жараланған.



