Украина Қарулы күштерінің Бас штабы 28 қарашада кешке қорғаныс күштері сенбіге қараған түні Ресейдің мұнай саласының үш нысанына соққы бергенін растады. Олар – Еділ бойындағы «Самара» мұнай айдау станциясы, Башқұртстандағы «Нурлино» станциясы және Ростов облысындағы Новошахтинск мұнай өңдеу зауыты. Таңертең «Самара» мен Новошахтинскідегі өрт туралы тек жергілікті тұрғындар хабарлаған, airpress.kz бұл туралы ресми растаудан бұрын жазған еді.
Бас штаб хабарламасындағы басты жаңалық – «Нурлино». «Транснефтьке» тиесілі бұл станция Украина шекарасынан 1200 шақырымнан астам жерде орналасқан және Ресей мұнайының едәуір көлемін негізгі магистральдық құбырлар арқылы айдайды. Бұған дейін оған осы түні соққы тигені хабарланбаған.
Самара облысындағы Просвет кенті маңындағы «Самара» станциясында соққыдан кейін резервуар паркі өртенді. Мұнда экспортқа шығатын Urals қоспасы жасалады, Бас штабтың дерегінше, Ресейдің бүкіл мұнай экспортының жартысына дейіні осы станция арқылы өтеді. Жылына 7,5 млн тоннаға дейін мұнай өңдей алатын Новошахтинск МӨЗ-інде жарылыс пен өрт тіркелді, келтірілген залалдың көлемі анықталып жатыр.
Бас штаб бұрынғы шабуылдардың нәтижесін де жариялады. «Самара» станциясында 13 қарашадағы соққыдан кейін РВС-20000 резервуары – 20 мың текше метр мұнай сыятын сыйымдылық жойылған. Самарадағы Куйбышев МӨЗ-інде 25 қарашадағы соққыдан кейін бес тік резервуар жойылып, мұнайды бастапқы өңдейтін АВТ-4 және АВТ-5 қондырғылары зақымданған – зауыттағы бүкіл өңдеу осылардан басталады.
Құбырлар мен экспорт тораптарына жасалған соққы Кремльдің соғысқа ақша табатын басты көзіне – шетелге мұнай сатуға тиеді, ал МӨЗ-дерге соққы Ресей әскерін жанармайдан айырады. Президент Владимир Зеленскийдің айтуынша, өткен аптаның өзінде қорғаныс күштері Ресейдің 11 өңіріндегі мұнай және әскери нысандарға соққы берген.



