Австралиялық актриса Некода Гарретт Роберт Паттинсон ойнайтын 007 агенті туралы жаңа фильмдегі Бонд қызы рөлінің басты үміткерлерінің қатарына енді. Daily Mail хабарлауынша, 34 жастағы актриса осы аптада Лондон түбіндегі Pinewood студиясында үміткерлердің сынақ түсірілімі өткен күні байқалған. Басылым дерегінше, бұл оның экрандағы үйлесімділікке арналған үшінші сынағы болған.
«Некода – мықты үміткер, осы аптада студияда оның үшінші сынағы өтті. Ол – болашағы зор актриса, экранда Роберттің жүрегін жаулап алуы әбден мүмкін», – деп келтіреді Daily Mail франшизаның жаңа иесі Amazon MGM-ге жақын дереккөздің сөзін. Студия өкілдері басылымның сауалына жауап бермеді, рөлді кім сомдайтыны әлі ресми жарияланған жоқ.
Гарретт Лондондағы Корольдік драма өнері академиясын (RADA) бітірген. Көрермен оны «Гордость и предубеждение» романының телевизиялық нұсқасынан таниды, онда ол бес Беннет апалы-сіңлілінің ортаншысы Мэри Беннетті сомдаған.
Рөл үшін бәсеке қызу. Британ букмекерлері Маргарет Куоллиді басты үміткер санайды: оған 2-ге 1 коэффициентімен бәс қабылданып жатыр. Ықтимал үміткерлер қатарында Сидни Суини де аталады – оны 1971 жылғы «Бриллианты навсегда» фильмінде Тампер рөлін сомдаған алғашқы қара нәсілді Бонд қызы Трина Паркс қолдады. Оның айтуынша, Суини бұл рөлде «тамаша» болар еді. Үміткерлер арасында британдық тележүргізуші Майя Джаманың да есімі аталады.
Паттинсон 007 агентінің жаңа орындаушысы ретінде қараша айының ортасында жарияланды. Фильмді Дени Вильнёв түсіреді, ол Бондтың «ДНҚ-сын» өзгертпеуге уәде берген, ал сценарийін «Острые козырьки» сериалының авторы Стивен Найт жазып жатыр. Франшиза құқығы бұған дейін Amazon MGM-ге өткен, премьера 2028 жылы күтіледі.



