Джеймс Бонд туралы жаңа фильмнің режиссері Дени Вильнёв 007 агентін классикалық қалпында түсіретінін, кейіпкерді заманауи талғамға қарай өзгертпейтінін айтты. Бұл туралы ол 27 қарашада жарияланған Time журналына берген сұхбатында мәлім етті. Amazon MGM Studios фильміндегі басты рөлді Роберт Паттинсон сомдайды.
«Мен дәстүрді жақсы көремін. Маған бұл кейіпкердің ешнәрсе үшін кешірім сұрамайтын мінезі, оның сәні ұнайды. Мен Джеймс Бондтың ДНҚ-сын өзгерту үшін келген жоқпын. Мен оны қабылдап, бүгінгі әлемге алып келу үшін келдім. Мен Джеймс Бондтың нағыз жанкүйерімін және басқа жанкүйерлер де менің фильмімді көріп, ләззат алғанын қалаймын. Әрине, онда менің өз көзқарасым байқалады. Бірақ мен күнде таңертең ақымақ күлкімен оянамын, өйткені бұл – таза кинематографиялық ләззат әлемі», – деді Вильнёв.
Режиссер сюжет туралы толық айтпады: «Бонд туралы көп айтқым келмейді, өйткені ол әлі пеште пісіп жатыр. Бұл кезең – маған ең ұнайтын кезең, өйткені мұнда бәрі мүмкін». Сұхбат Паттинсон жаңа Бонд ретінде ресми жарияланудан бір апта бұрын жазылған.
Вильнёвтің сөзі Бондтың бүгін қандай болуы керегі туралы көптен бергі дау аясында айтылды: Дэниел Крейг ойнаған соңғы фильмдер сексизм үшін жиі сынға ұшыраған 1960 жылдардың кейіпкерін қайта пайымдауға тырысқан еді. Енді жанкүйерлер зұлым кейіпкерді кім ойнайтынын болжап жүр. Букмекерлер Том Хардиді фаворит санайды, ал режиссер Дэнни Бойл бұл рөлге бұған дейін 007 рөлінің өзіне үміткерлер қатарында аталған Джек О’Коннеллді ұсынды.
Паттинсон Бонд рөліне қараша айының ортасында бекітілді, ол Крейгтің орнын басады. 007 агентінің бұрынғы орындаушысы Пирс Броснан оған Instagram арқылы ақ жол тіледі. Актер «Ымырт», «Бэтмен» және «Тенет» фильмдерімен танымал. Вильнёвтің өзі қазір «Дюна: Үшінші бөлім» фильмін шығарғалы жатыр: ол 18 желтоқсанда «Кек алушылар: Қиямет күні» фильмімен бір күнде шығады, ал режиссердің бұған көңілі толмайды.



