Marvel студиясының «Кек алушылар: Қиямет күні» фильмі Солтүстік Америкадағы алғашқы демалыс табысы бойынша жаңа рекорд орнатуы мүмкін. Boxoffice Pro сарапшылары 27 қарашада жариялаған болжам бойынша, фильм АҚШ пен Канадада алғашқы демалыста 370-тен 400 млн долларға дейін (шамамен 170–183 млрд теңге) жинайды. Премьера 18 желтоқсанда өтеді.
Болжамның төменгі шегінің өзі қазіргі рекордтан жоғары. Оны шілдеде «Өрмекші адам: Жаңа күн» фильмі орнатқан: ол 360 млн доллар жинап, 357,1 млн доллар тапқан «Кек алушылар: Финалды» басып озды. Егер «Қиямет күні» жоғарғы межеге жетсе, Солтүстік Америкада прокаттың алғашқы демалысында 400 млн доллар жинаған тарихтағы тұңғыш фильм болады. Сонда ең табысты бес бастаудың бәрі Marvel киноәлеміне тиесілі болмақ.
Рекордқа басты кедергі – Дени Вильнёвтің «Дюна: Үшінші бөлім» фильмі. Ол сол күні шығып, IMAX экрандарының бәрін алады, бірақ Boxoffice Pro дерегінше, қалған премиум форматтар негізінен «Кек алушыларға» беріледі. Сарапшылар «Дюнаның» өзі 85–100 млн доллармен бастайды деп күтеді. Вильнёв Disney екі фильмді бір күнге қойғанына «қатты көңілі қалғанын» мойындаған.
Жақында ғана болжамдар әлдеқайда сабырлы еді: NRG трекингінің дерегінше, «Кек алушылар» 270 млн доллармен бастауға бет алған, ал АҚШ-тағы билеттердің алдын ала сатылымы премьераға дейін-ақ 100 млн доллардан асып кеткен. «Қиямет күнін» Руссо бауырлары түсірді, Доктор Думды Роберт Дауни кіші ойнайды, ал фильмге Стив Роджерс рөлінде Крис Эванс пен Тор рөлінде Крис Хемсворт оралады.



