Павлодар облысының полициясы 1997 жылғы қарулы шабуыл үшін 27 жыл іздеуде жүрген 60 жастағы ер адамды ұстады. Бұл туралы Tengrinews-ке облыстың полиция департаменті хабарлады. Ол Ресейден депортацияланды, қазір қамауда, ал қылмыстық іс сотқа жіберілді.
1997 жылы ер адам үш сыбайласымен бірге Павлодардағы жеке кәсіпорынға шабуыл жасаған. Шабуылдаушылар күзетшіні ұрып-соғып, түсті металл тиелген КамАЗ-ды айдап кеткен. Ол кезде залал 800 мың теңге деп бағаланған. Үш қатысушы оқиға орнында ұсталып, сот оларды 7 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырды. Төртіншісі қашып кетіп, 1999 жылы іздеуге жарияланды.
«Осы уақыт бойы ол Ресейде жасырынып жүрді, онда оны бәрі бөтен атпен білді», — деді полиция. Ведомство мәліметінше, қашқын Павлодарда қалған әйелімен және екі баласымен байланысын үзген, қаладан қалаға көшіп жүрген, тұрақты жұмысы болмаған және Ресейде жаңа отбасы құрған.
Павлодар облысы криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері ресейлік әріптестерімен бірге оның ізін Ресей мен Беларусьтен іздеген. Ақыры Мәскеу полициясы оны көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін ұстап, ер адам Қазақстанға депортацияланды.



