Атырау облысында тәрбиешінің балаға қол көтергені түсірілген бейнежазбадан кейін полиция қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы NUR.KZ-ке облыстың полиция департаменті хабарлады. Қазір полицейлер балабақшадағы бейнебақылау камераларының жазбаларын зерттеп жатыр.
Бейнежазба туған күн мерекесінде түсірілген: балалар торт қойылған үстел басында отыр. Ұлдардың бірі туған күн иесінің жанына тұрып, оны итереді. Тәрбиеші мұны байқап: «Қарашы, бұзақы. Тұр, оны итеріп, түртіп жатыр. Тағы оның жанына барып тұрды», — дейді. Осыдан кейін ол ұлдың арқасынан ұрып, футболкасынан тартады. Бейнежазбаны egovpress Telegram-арнасы жариялады.
Полицияның айтуынша, іс бойынша тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. «Өзге ақпарат тергеу мүддесі үшін жария етілмейді», — деп қосты ведомство. Балабақшаның атауын, елді мекенді және іс қозғалған Қылмыстық кодекстің бабын полиция атамайды. Тәрбиешінің жұмыстан шеттетілгені-шеттетілмегені де әзірге хабарланған жоқ.



