Telegram негізін қалаушы Павел Дуров ескі iOS орнатылған iPhone-дар жаппай бұзылып жатқанын, ол үшін бір сайтты ашудың өзі жетуі мүмкін екенін мәлімдеді. Ол бұл туралы 28 қарашада Астана уақытымен сағат 04:00 шамасында X желісінде жазды, кейін өзінің Telegram-арнасында қайталады.
«iPhone пайдаланушылары жаппай бұзылып жатыр. Егер iOS-іңіз сәл ғана ескірген болса, барлық деректеріңіз қауіп астында. Бұзылу үшін жай ғана бір сайтты ашу жеткілікті болуы мүмкін. Біз бұл ескертуді iOS-тің ескі нұсқаларын қолданатын барлық пайдаланушымызға жіберіп жатырмыз», — делінген жазбада.
Дуров Telegram ескі iPhone иелеріне көрсететін хабарламаның скриншотын қоса жариялады. Онда жүйенің ескірген нұсқасында деректер мен аккаунттарға қауіп төндіретін осал тұстар бар екені айтылып, iOS-ті жаңарту ұсынылады. Нақты қандай осалдықтар мен қай хакерлер тобы туралы сөз болып отырғанын Дуров нақтыламады.
Павел Дуровтың ескерту жазбасы:
iPhone иелері не істеуі керек: «Параметрлер» → «Негізгі» → «Бағдарламалық жасақтаманы жаңарту» бөлімінен жаңартуды тексеріп, орнатуы қажет. Apple дерегінше, қазіргі ең соңғы нұсқа — iOS 27.2.1, ол 9 қарашада iPhone 11 және одан жаңа модельдерге шықты. iOS 27 алмайтын ескі смартфондардың иелері өздеріне қолжетімді соңғы жаңартуды орнатқаны жөн.
Қараша айында зерттеушілер ескі iPhone-дарға сайттар арқылы жасалған шабуылдарды сипаттаған еді. Report URI зерттеушісі Скотт Хелмнің анықтауынша, 16 қарашада шабуылдаушы Optimizely сервисіндегі осалдық арқылы 178 ұйымның, соның ішінде BBC, CNN және Zoom сайттарына зиянды код енгізген. Бұл код iPhone мен iPad-қа Coruna (iOS 13–17 үшін) және DarkSword (iOS 18 үшін) эксплойт жинақтарын жүктеуге тырысқан. Зерттеушілер бұл шабуылда құрылғылардың сәтті бұзылғаны расталған жағдайларды әзірге атаған жоқ. Дуровтың дабылы осы шабуылға қатысты ма, белгісіз.



