Мазмұнға өту

Деми Мур: THR оның картасынан 170 мың доллар қалай жұмсалғанын ашты

Актрисаның картасын 2018 жылы ұрлаған адам бес жылға жуық жазасын өтеп шықты, енді коммерциялық емес ұйымда жұмыс істеп, киберқауіпсіздік маманы болуға оқып жүр.

Актриса Деми Мур
Фото: Jay Dixit / WikiPortraits (Wikimedia Commons)

The Hollywood Reporter журналы 19 қарашада 2018 жылы алаяқтың актриса Деми Мурдың American Express Black Card картасын қолға түсіріп, үш аптаға жуық уақытта одан шамамен 170 мың доллар жұмсағаны туралы көлемді материал жариялады. Бұл қазіргі бағаммен шамамен 76 млн теңге. Мурдың өзі өкілі арқылы пікір білдіруден бас тартты.

Материалдың авторы — жазушы Анна Дэвид. Картаны ұрлаған адамды ол жеке танитын: 2011 жылы Дэвид Рид оның көмекшісі болып жұмыс істеген, кейін оның Citibank-тегі шотына жасырын қосымша карта ашып, 7 мың долларға жуық қарыз жинаған. Араға жылдар салып журналист бұрынғы көмекшісін тауып, одан сұхбат алды. Қазір бұл адам Тейлор Рид Мэдисон деген атпен әйел ретінде өмір сүріп жүр.

Мэдисонның айтуынша, схема FedEx-тің ішкі жүйесіне қолжетімділікке негізделген: оны бір танысы сатқан, ал American Express клиенттерге карталарды осы жүйе арқылы жібереді. Дерекқордан Мурдың есімін Black Card белгісімен тауып, сәлемдемені актрисаның бизнес-менеджерінің кеңсесінен Беверли-Хиллздегі FedEx пунктіне бұрып жіберген. 2018 жылғы наурызда ол Мурдың продюсерлік компаниясы ассистентінің қолдан жасалған бейджін тағып барып, конвертті алған. Картаны іске қосуға керек актрисаның әлеуметтік сақтандыру нөмірін қара нарықтан 8 долларға сатып алып, кейін American Express-ке Деми Мур болып қоңырау шалған.

2018 жылғы 8–27 наурыз аралығында алаяқ Nordstrom, Saks Off 5th және Bloomingdale’s дүкендерінен Gucci аяқ киімі мен Roberto Cavalli киімдерін сатып алған, ал Birkin сөмкесі сияқты қымбат заттарды кейін қайта сатқан. Актриса бұл кезде Айдахода болған. «Деми Мур нысана болған жоқ. Ол жай ғана ыңғайлы нұсқа болды», — деді Мэдисон журналға. Оның айтуынша, дәл осылай басқа адамдардың тағы 25–30 картасын ұрлаған.

2018 жылғы 5 сәуірде оны АҚШ Құпия қызметінің агенттері ұстады. Ол өзін-өзі әшкерелеп алған: сатып алулардың біріне өзінің дебет картасынан қосымша ақша төлеген. Жазасын Финикстегі федералдық түрмеде өтеп, 2022 жылғы желтоқсанда бостандыққа шықты. Қазір Мэдисон үйсіздерге көмектесетін коммерциялық емес ұйымда жұмыс істейді және киберқауіпсіздік маманы болуға оқып жүр. Оның айтуынша, American Express оны алаяқтыққа қарсы бөліміне жұмысқа алуға дайын. Компания бұған пікір білдірмеді.

Деми Мур — «Елес», «Әдепсіз ұсыныс» және «Стриптиз» фильмдерінің жұлдызы. «Субстанция» фильміндегі рөлі үшін «Алтын глобус» алып, «Оскарға» ұсынылды. Қарашада актриса кедей отбасылардың балаларына көмегі үшін Baby2Baby кешінде марапатталды.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз