Мазмұнға өту
2026 жылғы 22 қараша, жексенбі

Майли Сайрус Макс Морандоға тұрмысқа шықты: неке рәсімінде жылап алды

Қонақтардың арасында әншінің бірнеше жыл бойы араласпай кеткен әкесі Билли Рэй Сайрус та болды.

Майли Сайрус и Макс Морандо на свадебной церемонии в Палм-Спрингсе
Фото: Backgrid/TMZ

Майли Сайрус музыкант Макс Морандоға тұрмысқа шықты. Жұп 21 қарашада, сенбі күні, Калифорниядағы Палм-Спрингс қаласында Фрэнк Синатраның бұрынғы үйінде үйленді, деп хабарлады TMZ. Астана уақытымен бұл жексенбі күні таңертең болды.

Неке рәсімі бассейн жанында, ақ раушаннан жасалған арка астында өтті. TMZ жариялаған эксклюзив кадрларда Сайрустың көз жасын сүртіп, бүктелген ақ қағаздағы антын оқымас бұрын орамалын алғаны көрінеді. Морандоның кезегі келгенде рәсімді жүргізуші оған микрофонды төмен түсіріп берді. Қалыңдық ұзын жеңді, арқасы ашық, етегі ұзын ақ көйлек киді, күйеу жігіт қара костюммен келді. Тойға жүзге жуық қонақ жиналды.

Рәсімді The Flaming Lips тобының жетекшісі Уэйн Койн жүргізді, деп жазады Billboard. Ол әншімен көптен бері дос: 2015 жылы екеуі Miley Cyrus & Her Dead Petz альбомын бірге әзірлеген, ал қазан айында Койн «Голливуд-боул» сахнасына әншімен бірге шықты, сол кеште Сайрус пен Морандо өздерінің Let’s Get Married әнін орындады.

Морандо да түскен осы әннің клипі қыркүйекте жарық көрді:

Қонақтардың арасында әншінің анасы Тиш Сайрус пен оның жұбайы, актер Доминик Пёрселл, сіңлісі Ноа және сүйіктісі, актриса Элизабет Хёрлимен бірге келген әкесі Билли Рэй Сайрус болды. Әке мен қыз бірнеше жыл бойы араласпай кеткен еді, бірақ TMZ дерегінше, олар татуласқан. Той күні таңертең папарацци Тиш Сайрустың көлік ішінде жылап отырғанын, ал Пёрселлдің оны құшақтап жұбатқанын түсіріп алды.

Той демалысы жұмада басталды: жұп жақындарын жақын маңдағы мейрамханаға дайындық кешкі асына жинады, қонақтарға филе-миньон мен лобстер қосылған равиоли ұсынылды. Той дайындығын папарацци сенбі күні таңертеңнен бастап түсірді.

Сайрус 33 жаста, дүйсенбіде 34-ке толады. Ол Disney арнасының «Ханна Монтана» сериалы арқылы танылды, ал 2024 жылы Flowers хиті үшін «Жыл жазбасы» аталымында «Грэмми» алды. Морандо 28 жаста, ол Лос-Анджелестегі Liily тобының барабаншысы әрі Сайрустың соңғы альбомдарына атсалысқан. Жұп 2021 жылдан бері бірге, олардың құда түскені 2025 жылғы желтоқсанда белгілі болды, ал той осы демалыста өтетінін TMZ бейсенбі күні хабарлаған. Әнші үшін бұл — екінші неке: 2018 жылғы желтоқсанда ол актер Лиам Хемсвортқа тұрмысқа шыққан, 2019 жылғы тамызда жұп бөлек тұра бастады, ал 2020 жылғы қаңтарда ресми түрде ажырасты.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз