Майкл Джексонның «екінші отбасы» атанған Каскио бауырлары адвокат Брайан Фридманды сотқа берді. Олар оны кәсіби немқұрайлылыққа, клиенттер алдындағы міндетін бұзуға және алаяқтыққа айыптап отыр. Талап арыз 18 қарашада Калифорния штатының сотына түсті, бұл туралы алғаш TMZ хабарлады.
Талапкерлер — Фрэнк, Эдвард, Доминик, Альдо және Мари-Николь Каскио. Олардың айтуынша, 2019 жылы, «Неверлендтен кету» деректі фильмі шыққаннан кейін көп ұзамай, Фридман оларды әншінің мұрагерлерімен мәмілеге отырғызған. Құжат «құқықтарды сатып алу және кеңес беру туралы келісім» ретінде рәсімделген — ресми түрде мұрагерлер отбасының өмір тарихына құқық сатып алған. Әр бауырға жыл сайын 690 мың доллардан, яғни шамамен 306 млн теңгеден, бес рет төлем қарастырылған. Оның орнына отбасы Джексонның зорлық-зомбылық көрсетті деген болжам туралы көпшілік алдында айтпауға, дауларды тек арбитражда шешуге міндеттеліп, мұрагерлерге талап қоюдан бас тартқан. Отбасының бір мүшесі шартты бұзса, барлығы алған ақшасын қайтаруы тиіс.
Адвокатқа қойылған басты кінә — мүдделер қақтығысы. The Hollywood Reporter талап арызға сілтеме жасап жазғандай, Фридман отбасын жеке заңгердің керегі жоқ екеніне, мәміленің әділ екеніне және оны талқылауға болмайтынына сендірген. Талапкерлердің нұсқасы бойынша, ол сол кезде Джексонның мұрагерлерінің өкілі болған және олардың атынан «Неверлендтен кету» фильмін көрсеткен HBO арнасына қарсы істі жүргізген. Сотта Каскио отбасының мүддесін адвокат Говард Кинг қорғайды. Каскио бауырлары келісімді толық оқып үлгермегенін, шартты бұзғаны үшін айыппұлдар мен міндетті арбитраж туралы қол қойғаннан кейін ғана білгенін айтады. TMZ мәліметінше, олар бұл шарттарды алдын ала білгенде құжатқа ешқашан қол қоймас едік дейді.
Талап арыздағы тағы бір дерек 2024 жылға қатысты. Талапкерлердің сөзінше, сол кезде Фридман мұрагерлердің аз төлегенін өзі айтып, мәмілені «дәретхана қағазы» деп атаған және мұрагерлерді «дұрыс әрекет етуге» мәжбүрлейтін дәлелі жеткілікті екенін айтқан. Адвокат әзірге журналистердің сұрауына жауап берген жоқ, Джексонның мұрагерлері де талап арызға пікір білдірмеді.
Бұл іс 2026 жыл бойы жалғасып келе жатқан шулы дауның жалғасы. Көктемде Каскио отбасы Джексонның мұрагерлеріне қарсы талап арыз беріп, әншіні балалық шақта оларға көп жыл бойы зорлық-зомбылық көрсетті деп айыптаған. Мұрагерлер бұл айыптауларды бопсалау әрекеті деп атады, ал 2019 жылғы келісім бойынша іс арбитражға ауыстырылды. Сонымен қатар мұрагерлер арбитражда отбасын үндемеу және құпияны жария етпеу шарттарын бұзғаны үшін жазалауды талап етті.
Каскио отбасы Джексонмен көп жыл дос болған, ал Фрэнк Каскио оның көмекшісі болып жұмыс істеген және бұрын өз кітабында әншіні қорғаған. Майкл Джексонның өзі 2009 жылы қайтыс болды. Биыл оның жиені Джаафар Джексон басты рөлді сомдаған «Майкл» байопигі шығып, әншінің музыкасына қызығушылықты қайта оятты.



