Мазмұнға өту
2026 жылғы 29 қараша, жексенбі

Кейт Миддлтон «Heal» фильмінде балаларының сәлемінен жылап жіберді

Балаларының жазып жіберген сәлемдерін ханшайымға ханзада Уильям құпия түрде жеткізген, ал фильмді BBC 29 қарашада, NBC 30 қарашада көрсетеді.

Принцесса Уэльская Кейт Миддлтон с рюкзаком во время восхождения Three Peaks Challenge
Фото: Kensington Palace/Matt Porteous

Уэльс ханшайымы Кейт Миддлтон шыңға өрлеп бара жатқанда балалары – ханзада Джордж, ханшайым Шарлотта мен ханзада Луи жазып жіберген сәлемдерді естіп, көз жасын тыя алмады. Бұл – оның онкологиялық аурудан кейінгі өмірі туралы «Heal» («Сауығу») деректі фильміндегі ең әсерлі сәттердің бірі. Ханшайымның фильмдегі басты ашық әңгімелерін премьера алдында People жариялады.

Бұл тосынсый Three Peaks Challenge сынағының екінші шыңы – Скофелл-Пайкта болды. Кейттің інісі Джеймс Миддлтон оған ханзада Уильям осы сәтке арнап жіберген жазбаларды қосып берді. «Ой, жоқ. Қойшы. Мені жылатасың ғой. Жоқ, өтінемін, қой», – дейді Кейт. Алдымен сегіз жасар Луи сөйлейді: «Есіңде болсын, мен әрдайым сенің жүрегіңде, сенімен біргемін». 13 жастағы Джордж анасын «Мама» деп атайды: «Сен өте-өте мықты көрінесің. Алға жүре бер, біз дәл артыңдамыз». 11 жастағы Шарлотта: «Серуеніңе, сынақтарыңа қатты мақтанамыз. Саған шын жүректен сәттілік тілейміз, мен сен үшін жанкүйер боламын», – дейді. Ханшайым қолын кеудесіне қойып: «Олар маған ауруханадан шығуға себеп болды. Олар маған бұл сынақты аяқтауға себеп болады», – деп мойындайды. Таудан түсер алдында ол шыңға кішкентай тас қалдырады: «Бұл – балапандарым үшін».

Фильмде Кейт ауруханада жатқан кезін алғаш рет осыншалық ашық еске алады. «Қараңғылық шынымен қорқынышты, адастыратын тәжірибе болды. Меніңше, мен біресе есімді жиып, біресе есімнен танып жаттым. Бұл шынымен қараңғы кезең еді», – дейді ол. Ханшайым біреудің ештеңе айтпай, қолынан ұстап отырғанын есіне алады: «Сол кезде қасымда болған адамға мәңгі ризамын». Оның айтуынша, көбіне бірдеңені түзеу немесе айту керек сияқты көрінеді, бірақ олай емес: «Жай ғана қасында болу керек. Махаббат деген осы».

Кейт ауру салдарынан өзін жоғалтып алғанын мойындайды. «Рак сияқты нәрсе бәрін сыпырып әкетеді. Иә, бұл физикалық, бірақ эмоционалдық та. Өзің білемін деп ойлаған нәрселер енді жоқ. Сен бір жағынан өзіңді жоғалтасың», – дейді ол. Енді, оның айтуынша, ол «өмірді толық сүруді қайта үйреніп жатыр». Балаларына деген көзқарасы да өзгерген: «Жай ғана олардың жанында, қасында болу – осының өзі жеткілікті».

Жарты сағаттық фильм Three Peaks Challenge сынағына құрылған: 2026 жылғы маусымда Кейт 24 сағатқа жетпей Шотландия, Англия және Уэльстің ең биік шыңдарына шықты. BBC-дегі премьера 29 қарашада Лондон уақытымен сағат 18:15-те (Астана уақытымен 23:15-те) өтеді, АҚШ-та фильмді 30 қарашада NBC көрсетеді (Астана уақытымен 1 желтоқсанда сағат 06:00-де). Прокаттан түскен қаржыны Royal Marsden онкологиялық ауруханасының қоры алады.

Кейт Миддлтон онкологиялық ауруы туралы 2024 жылғы наурызда хабарлады, сол жылдың қыркүйегінде химиотерапияны аяқтап, 2025 жылғы қаңтарда ремиссия туралы мәлімдеді. «Heal» фильмінің алғашқы үзіндісі өткен аптада шықты – онда ханшайым аурудан кейін бұрынғы өзіне оралу қаншалықты қиын екенін айтқан. Ал жақында ол Манчестердегі онкоорталыққа қамқоршы болды.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз