Мазмұнға өту

Халит Эргенчтің Астана мен Алматыдағы кездесулері өтпей қалды

Кейбір көрермендер кездесудің өтпейтінін орнына келгенде ғана білген, енді пікірлерде мәселе тек билетте ме деп күмәнданып отыр.

Турецкий актёр Халит Эргенч, исполнитель роли султана Сулеймана в сериале «Великолепный век»
Фото: Wikimedia Commons

Түрік актері Халит Эргенчтің қазақстандық жанкүйерлерімен шығармашылық кездесулері өтпей қалды. «Ғажайып ғасыр» телехикаясында Сүлеймен сұлтанның рөлін сомдаған актермен кештер 23 қарашада Астанада және 25 қарашада Алматыда өтуі тиіс еді. Бұл туралы Республика сарайы Instagram парақшасында хабарлады.

Алаң себебін ашық айтты: билет тым аз сатылған. «Ресми түрде хабарлаймыз: 23 қарашада Астанада және 25 қарашада Алматыда өтуі жоспарланған Халит Эргенч қатысатын шығармашылық кездесу мен концерттің күші жойылды. Іс-шаралардың өтпеуі сатылған билеттердің жеткіліксіз болуына байланысты. Туындаған қолайсыздық үшін шын жүректен кешірім сұраймыз», – делінген хабарламада.

Республика сарайының жазбасы:

Instagram-дағы жарияланымды қарау

Кездесулердің күші соңғы сәтте жойылды: Kursiv жазуынша, кейбір көрермендер бұл туралы кешке келгенде ғана білген. Пікірлерде қазақстандықтар алдын ала ескертпегеніне наразы. «Қатты күткен едім. Билетті алдын ала алдым.. Өте өкінішті», – деп жазады көрермендердің бірі.

Кейбір пайдаланушылар мәселе тек билет сатылымында ма деп күмәнданады. Олар «Ғажайып ғасырда» Малкочоғлу Бали бейдің рөлін ойнаған Бурак Озчивиттің 2023 жылы Алматыда өткен кездесуіне ниет білдірушілер жеткілікті болғанын еске салады. «Ұйымдастыру нағыз бей-берекет, бәріңізге ұят!! Ең бастысы, Буракпен бәрі қалыпты, ал Сүлейменмен олай емес!» – деп жазады пайдаланушылар.

Халит Эргенч – Түркияның ең танымал актерлерінің бірі, оған әлемдік даңқ әкелген – «Ғажайып ғасырдағы» Сүлеймен сұлтанның рөлі. Тамызда актер қазақстандықтарға бейнеүндеу жазып, Алматыдағы кездесуге шақырған еді – ол кезде кездесу 14 қыркүйекте Республика сарайында өтеді деп жарияланған.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз