Freedom Holding негізін қалаушы Тимур Турлов Freedom SuperApp суперқосымшасын Қазақстаннан тыс нарықтарға шығаруды жоспарлап отыр және компания британдық Revolut финтехімен бәсекелесе алады деп санайды. Бұл туралы ол 16 қарашада жарияланған Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында айтты.
«Менің ойымша, біз олармен бәсекелесе аламыз», — деді Турлов Revolut туралы. «Біз өсу жолында үлкен серпіліс жасап жатырмыз, бұл SuperApp-ты халықаралық деңгейде кеңейту жоспарынан басталады», — деп қосты ол. Қосымшаны ең алдымен Еуропада, АҚШ-та және Қазақстанмен тығыз байланысы бар бірнеше дамушы елде іске қосу көзделген.
Суперқосымша — банк, брокер, сақтандыру және басқа да қызметтер бір жерге жиналған қосымша. Қазақстанда Freedom — ең ірі бөлшек брокер. Топ жергілікті банкті, бірнеше сақтандыру компаниясы мен телеком-операторды сатып алды, қосымша арқылы билет сатады, азық-түлік жеткізеді, онлайн-кинотеатр ұстайды. Bloomberg деректеріне сәйкес, наурызда Freedom SuperApp-тың ай сайынғы белсенді пайдаланушылары шамамен 2,6 миллион болған — бұл Қазақстандағы ең ірі екі бәсекелесінен аз.
Шетел нарығына шығу басталып та кетті. Маусымда Freedom Францияда банк лицензиясына өтінім беріп, ондағы цифрлық қаржы экожүйесіне шамамен 500 млн еуро (шамамен 245 млрд теңге) салатынын мәлімдеді. Шілдеде холдинг Turkish Bank-ті сатып алу мәмілесін аяқтады, тамызда оның бөлімшесі Түркияда брокерлік лицензия алды. Келесі жоспар — Грузиядағы цифрлық банк.
Компания өсуге қаражат та жинап жатыр. Шілдеде Freedom Nasdaq-та акция сатып, 300 млн доллар (шамамен 133 млрд теңге) тартты, ал Люксембургте 1 млрд долларлық (шамамен 444 млрд теңге) еурооблигация бағдарламасын тіркеді. Қазанда холдинг «Бәйтерек» құрылымынан қазақстандық жобаларға, оның ішінде дата-орталықтар мен ЖИ-суперкластерге 1,16 млрд доллар (шамамен 515 млрд теңге) қарыз алуға келісті.
Bloomberg қиындықтарды да атап өтеді: компания тоқсандық есебін уақтылы тапсырмағаннан кейін Freedom акциялары арзандады, ал реттеушілердің оның қор нарығындағы мәмілелеріне сұрақтары бар. Соған қарамастан Freedom-ның Nasdaq-тағы бағалы қағаздары жыл басынан бері 28%-дан астам қымбаттады.
Тимур Турлов Freedom Holding-тің шамамен 65%-ын бақылайды. Bloomberg оның байлығын 6,5 млрд доллар (шамамен 2,9 трлн теңге) деп бағалайды — жыл басынан бері ол төрттен бірден астам өсті. Қыркүйекте Турлов FIDE-ні басқарды, ал жақында өзінің Alatau Air Cargo жүк тасымалдаушысының жоспарларымен бөлісті.



