Қырғызстанда биыл қыста қуат ең көп жұмсалатын сағаттарда — таңертең және кешке — электр жарығы қысқа уақытқа сөнуі мүмкін. Бұл туралы 27 қарашада «Биринчи радио» эфирінде энергетика министрінің бірінші орынбасары Курсант Омурбеков айтты, деп хабарлайды 24.kg.
Оның айтуынша, бұл сағаттарда тұрғындар көп құрылғыны бір мезгілде қосады, қуат жетпей, жабдыққа түсетін жүктеме артады. «Мұндай жағдайда, әрине, қысқа мерзімді шектеулерге жүгінеміз», — деді вице-министр. Энергетиктер апаттық сөнулерді де толық жоққа шығара алмайды: жабдық істен шығуы мүмкін. Шектеулер қанша уақытқа созылатынын және қандай кестемен енгізілетінін Омурбеков нақтыламады.
Вице-министрдің сөзінше, жылыту маусымына дайындық өткен маусым аяқталған бойда басталған: жабдық тексеріліп, желінің шамадан тыс жүктелген учаскелері анықталды, жабдықтың бір бөлігі жөнделіп, ауыстырылды. Көрші елдермен жетіспейтін электр энергиясын жеткізу туралы келісімшарттар жасалды, жылыту маусымы басталысымен Қырғызстан оны импорттай бастады. Омурбеков тұрғындарды жарықты үнемдеуге және көп қуат жұмсайтын құрылғыларды қажетсіз қоспауға тағы да шақырды.
Су жинау үшін Тоқтоғұл СЭС-ін тоқтату да мүмкін емес. «Электр энергиясы жетіспейтіндіктен, суды сақтап қалу үшін станцияны толық тоқтата алмаймыз. Сондықтан судың әр литрін үнемді әрі ысырапсыз пайдалануға барынша тырысамыз», — деді Омурбеков. Тоқтоғұл су қоймасының жобалық көлемі — 19,5 млрд текше метр.
Энергетика министрлігі мәселені Қара-Кечедегі қуаты 1200 МВт жылу электр станциясы арқылы шешуге үміттенеді. Оны мемлекет өз күшімен салып, жергілікті көмірмен жұмыс істетуді жоспарлап отыр. Сонда жүктемені екі ірі станция арасында бөліп, Тоқтоғұлдан аз су жұмсауға болады. Сонымен қатар Бішкек Қытайдан электр энергиясын импорттауға арналған электр беру желісін 2027 жылғы желтоқсанда іске қосуды ұсынған.
Тоқтоғұл су қоймасы Сырдарияның бастауларының бірі — Нарын өзенінде орналасқан. Ағыспен төменге, Өзбекстанға және Қазақстанның оңтүстігіне қанша су және қашан жететіні СЭС-тің жұмыс режиміне байланысты.



