Оралда прокуратураның наразылығы бойынша 1,2 шақырым жолды күрделі жөндеуге жасалған құны 272 млн теңгелік келісімшарт бұзылды. Заң бұзушылықтар қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мемлекеттік сатып алуларын тексеру кезінде анықталды, деп хабарлады прокуратура.
Тексеру келісімшарт жасасу кезінде бюджет заңнамасы бұзылғанын көрсетті. Жоспарланған жұмыстар мәлімделген жөндеу түріне сәйкес келмеген, ал асфальт төсеу қажеттілігі экономикалық тұрғыдан негізделмеген.
Келісімшарт бойынша жолдың бір шақырымы бюджетке шамамен 227 млн теңгеге түсер еді. Келісімшарт бұзылғандықтан, бұл 272 млн теңге жұмсалмайды, ал бөлім басшысына қатаң сөгіс жарияланды. Жолдың қай учаскесі туралы сөз болып отырғанын прокуратура нақтыламады.
Қадағалау органы заңдылық пен бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын қадағалау прокуратура жұмысының басты бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Қазір жол саласы бүкіл ел бойынша тексеріліп жатыр. Қараша басында Бас прокурордың бірінші орынбасары Жандос Өміралиев үкіметтегі кеңесте автожол саласындағы заң бұзушылықтар бойынша алдын ала шығыны 8 млрд теңгеден асатын 33 сотқа дейінгі тергеу басталғанын баяндады. Үкімет дерегінше, негізсіз келісімшарттар мен мемлекеттік сатып алу жоспарларының күшін жою арқылы тағы 36 млрд теңге үнемделді – олардың арасында бұрын жөнделген, мердігер кепілдігі әлі де қолданыстағы жолдарды жөндеуге арналған тендерлер де анықталған.



