Мазмұнға өту

Маңғыстау мен СҚО-да мүгедектігі бар балаларды үйде оңалту басталды

Бұл екі облыста ғана тірек-қимыл аппараты бұзылған 2,1 мыңнан астам бала тұрады, ал 2027 жылы жобаны елдің барлық өңіріне тарату жоспарланып отыр.

Специалист занимается с ребёнком с инвалидностью по проекту домашней реабилитации
Фото: Министерство труда и социальной защиты населения РК

20 қарашадан бастап Солтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстарында мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалту қолға алынды. «QH Мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалту» жобасына тағы екі өңір қосылғанын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады. Отбасылар жаттығуға қажет жабдықты уақытша тегін пайдалануға алады, ал мамандар баланы қашықтан сүйемелдейді. Өңірлерде жобаны Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығының Петропавл мен Ақтаудағы филиалдары жүзеге асырады.

Маңғыстау облысында тірек-қимыл аппараты бұзылған 1 631 бала, Солтүстік Қазақстан облысында 497 бала бар. Көп отбасы облыс орталығынан алыс ауылдарда тұрады, сондықтан баланы сабаққа үнемі апарып-әкелу оңай емес. Орталықтың Маңғыстау облыстық филиалының директоры Муминат Мусинаның айтуынша, көп отбасы үшін Ақтауға қатынау уақыт, күш және қаржы шығыны еді, ал енді сабақ үйде өтеді.

Әр баламен жұмыс бағалаудан басталады: мамандар ата-анамен бірге баланың қазір не істей алатынын, үйдегі жағдайды қарап, мақсат қояды — мысалы, ұзағырақ отыру, тірекке сүйеніп нық тұру немесе үлкендердің көмегіне азырақ жүгіну. Осы мақсатқа қарай көпфункциялы кресло-арба, вертикализатор немесе ходунок таңдалады. Жабдықты бермес бұрын балаға шақтап, баптайды, ал ата-аналарды оны қауіпсіз пайдалануға үйретеді. Кейін отбасы орындалған жаттығуларды күн сайын FSM Social жүйесіндегі цифрлық күнделікке белгілеп отырады, мамандар бұл деректерді нақты уақытта көріп, қажет болса бағдарламаны өзгертеді.

Өтінімді Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығының kazto.kz сайтындағы «Өзекті жобалар» бөлімі арқылы беруге болады, одан кейін отбасымен мамандар хабарласады. Екінші жол — орталықтың облыстық филиалына тікелей барып, қатысу шарттарын білу.

Жоба қазір Павлодар, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарында, Абай облысында және Шымкентте жұмыс істеп тұр. Осы уақытта оған 691 бала қатысты: 430 бала курсты аяқтады, 259 бала сабақты жалғастырып жүр. Мамандар балалардың дағдыларында 550 оң өзгеріс тіркеді, жоба қорында 421 техникалық оңалту құралы бар. Екі жаңа өңірге арналған жабдық «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен Ұлттық ғылыми орталықтың қолдауымен сатып алынды, Солтүстік Қазақстан облысында оған жергілікті билік те қатысты.

2027 жылы жобаны кезең-кезеңімен тағы 12 облысқа кеңейтіп, елдің барлық 20 өңірін қамту жоспарланған. Бұған дейін министрлік жобаны 2026 жылдың соңына дейін Ұлытау облысында да бастауды көздеген. Жоба инклюзивті саясат тұжырымдамасын 2025–2030 жылдары іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына енген. Денсаулық сақтау министрлігі де балаларды оңалтуды дамытып жатыр: ведомство бес жаңа оңалту орталығын салмақ.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз