Қытайда көлік иелері көлігі қымбатырақ көрінуі үшін шатырына лидар тәрізді пластик жапсырма жаппай жабыстырып жүр. Мұндай «датчиктер» Taobao-да сатылады, ең арзаны 7,6 юань, яғни шамамен 520 теңге тұрады, деп хабарлайды CarNewsChina Autohome басылымына сілтеме жасап.
Лидар – алдыңғы әйнектің үстінде, шатырда тұратын датчик. Ол жүргізушіге көмек жүйелері үшін қашықтықты өлшеп, кедергілерді байқайды. Қытайда ол мәртебе белгісіне айналды: шатырдағы «өркешке» қарап қымбат электромобильді арзанынан, тіпті ең қымбат жинақтауды базалықтан бірден ажыратады. Осы сұранысқа орай арзан электромобиль мен ескі ІЖҚ көліктерінің иелеріне жапсырма сататындар пайда болды.
Taobao-дағы ең танымал хабарландырулардың бірінде L6-дан L9-ға дейінгі Li Auto кроссоверлерінің бүкіл желісіне арналған жапсырмалар ұсынылған. Қарапайым қара «лидар» 44 юань (шамамен 3 мың теңге), алдыңғы әйнектің бүкіл енін алатын күннен қорғайтын жолағы бар нұсқасы 146 юань (шамамен 10 мың теңге) тұрады. Сатушылар жапсырмалар ABS пластигінен құйылып, «рояль» тәрізді қара лакпен боялғанын айтады. Denza D9, Leapmotor C10 және Aito M7-ге арналған нұсқалар да бар. 7,6 юань тұратын ең арзан жапсырма «су өткізбейтін», «ең қымбат жинақтаудың эстетикасы» бар, арнайы скотчқа жабысатын бұйым ретінде жарнамаланады.

Кейбіреулер жапсырманы пайда табу үшін пайдаланады. Autohome дерегінше, шатырында лидары жоқ Pro базалық жинақтауындағы Li L6 иесі көлігін трейд-инге өткізер алдында жалған датчик жапсырып, оны ең қымбат L6 Max ретінде көрсеткен. Нәтижесінде көлік қарапайым Pro-дан 30 мың юаньға, яғни шамамен 2,07 млн теңгеге қымбат бағаланған.
Осыған ұқсас дауға Dongfeng те тап болды. Huawei Qiankun ADS 5 Pro жүйесі бар eπ M8 кроссоверінде лидар салонның ішіне орнатылған, бірақ марка шатырдағы шығыңқы бөлікті қалдырып, оған автопилоттың жұмыс индикаторын қойған – Қытайда оны «көк шам» деп атайды. Желі қолданушылары алғашында Dongfeng-ті нағыз датчиксіз қымбат электромобильдің «косплейі» деп мазақтады. Дау компания лидардың салонға көшірілгенін түсіндіргеннен кейін ғана басылды.
Лидарға деген сән Қытай нарығындағы баға соғысымен байланысты: бұрын қымбат болған технологиялар – пневматикалық аспа, толық басқарылатын шасси, жүргізушіге көмек жүйелері – барған сайын арзан көліктерде пайда болып жатыр, ал лидар «озық» нұсқаның көзге түсетін белгісіне айналды.



