Мазмұнға өту

Астанада қар: бір тәулікте 100-ден астам жол апаты, түнде 600 техника шықты

Елорда полициясы жүргізушілерді қиылыс, жаяу жүргіншілер өткелі мен аялдамаға жақындағанда жылдамдықты алдын ала азайтуға шақырды.

Снегоуборочная техника на улице Астаны
Фото: акимат Астаны

Астанада 27 қарашаның таңынан бері көктайғақ пен қар салдарынан 100-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелді, деп хабарлады елорда полиция департаменті. Қаланың коммуналдық қызметтері тәулік бойы жұмыс режиміне көшті: 28 қарашаға қараған түні қар тазалауға 600-ден астам арнайы техника мен 500-ден астам жол жұмысшысы шықты.

Полиция жүргізушілерді жылдамдық режимін сақтап, көліктер арасындағы қашықтықты ұстауға шақырды. «Қиылыстарға, жаяу жүргіншілер өткелдеріне және қоғамдық көлік аялдамаларына жақындағанда жылдамдықты алдын ала азайтып, кенет маневр жасаудан бас тартуды ұсынамыз», — делінген үндеуде. Жаяу жүргіншілерге жолдан барлық көліктің толық тоқтағанына көз жеткізгеннен кейін ғана өтуге кеңес береді.

Астана полициясының үндеуі ведомствоның Instagram парақшасында жарияланды:

Instagram-дағы жарияланымды қарау

27 қарашадағы күндізгі ауысымда қаладан қар полигондарына 1200 текше метрден астам қар шығарылды, бұл — ауыр жүк көліктерінің 84 рейсі, деп хабарлады Астана әкімдігі. Алдымен негізгі магистральдар мен қоғамдық көлік бағыттары, одан кейін орташа жүктемелі көшелер, аулалар, алаңдар, тротуарлар мен аялдамалар тазартылады. Әкімдік тұрғындардан сапарларын жоспарлағанда ауа райын ескеруді сұрады.

Елордада қолайсыз ауа райы жалғасады. «Қазгидромет» 28 қарашаға жариялаған дауылды ескерту бойынша Астанада қар, көктайғақ және жаяу боран күтіледі, жел екпіні секундына 15–20, кейде 23 метрге жетеді, күндіз -5…-7 градус болады. 29 қарашада қар мен боран сақталады, ал 30 қарашаға қараған түні ауа температурасы -11…-13 градусқа дейін төмендейді.

Астанаға қар қараша айының соңында жауды: қыс маусымына қала қар тазалау үшін 2500-ден астам техника дайындаған. Жол жағдайы басқа өңірлерде де қиын: бір күн бұрын Қарағандыда бірнеше сағат ішінде 37 жол апаты болды.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз