Мазмұнға өту

Алматыда не Астанада Жүсіп Абдрахмановқа ескерткіш қоюды ұсынды

Конференция қатысушылары бұл бастаманы Қазақстанның жоғары басшылығына жолдамақ.

Участники конференции о Жусупе Абдрахманове в КазНУ имени аль-Фараби в Алматы
Фото: Министерство культуры Кыргызстана

Қазақстандық ғалымдар Алматыда немесе Астанада Қырғыз АКСР үкіметін басқарған Жүсіп Абдрахмановқа ескерткіш қоюды ұсынды. Ол 1932 жылы аштықтан қашқан жүздеген мың қазақтың аман қалуына көмектескен. Бастама әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен ғылыми конференцияда айтылды, деп хабарлады Қырғызстан Мәдениет министрлігі.

«Қазақ-қырғыз халықтары: ортақ өткен жол» халықаралық конференциясы Алматыда 17 қарашада өтті. Оған Қырғызстан мен Қазақстанның тарихшылары қатысты. Олар Абдрахмановтың кеңес жылдарында қырғыз мемлекеттілігінің іргетасын қалағаны және қазақ босқындарына қол ұшын созғаны туралы баяндады. Ғалымдар ескерткішті оның қазақ халқын құтқарудағы еңбегін құрметтеу және ғасырлар бойғы қырғыз-қазақ бауырластығын ұлықтау үшін қоюды ұсынып отыр. Ұсыныс Қазақстанның жоғары басшылығына жолданбақ.

Алматыдағы Жүсіп Абдрахманов туралы конференцияға қатысқан тарихшылар
Фото: Қырғызстан Мәдениет министрлігі

Жүсіп Абдрахманов 1901 жылы туған, 1927–1933 жылдары Қырғыз АКСР Халық комиссарлары кеңесін басқарды. Қырғызстанда оны мемлекеттіліктің негізін салушылардың бірі деп санайды. Ол 1938 жылы атылып, кейін ақталды, бүгінде Бішкектегі бір көшеге оның есімі берілген. 2021 жылы Алматыда Абдрахмановтың 120 жылдығына да арналған қазақ-қырғыз конференциясы өтіп, оған екі елдің Мемлекеттік хатшылары қатысқан.

1931–1933 жылдардағы ашаршылық Қазақстан тарихындағы ең ауыр қасіреттердің бірі саналады. Түрлі бағалау бойынша, ол 2–3 миллион адамның өмірін қиды, 1,5 миллионнан астам адам республикадан көшіп кетті. Босқындардың бір бөлігі Қырғыз АКСР-інен пана тапты. Қазақстанда 31 мамырда Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні атап өтіледі.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз