Ұлытау облысында жедел медициналық жәрдемді телефонмен сөйлеспей-ақ шақыруға мүмкіндік беретін Telegram-бот іске қосылды. Бұл туралы Ұлытау облысының әкімдігі хабарлады. Сервис ең алдымен есту және сөйлеу қабілеті бұзылған тұрғындарға арналған: олар үшін не болғанын диспетчерге телефон арқылы түсіндіру қиын.
Ботты пайдалану үшін t.me/ulytau103_bot сілтемесіне өтіп, «Іске қосу» батырмасын басу немесе /start командасын жіберу керек. Содан кейін пайдаланушы телефон нөмірін бөлісіп, профилін толтырады. «Менің мекенжайларым» бөлімінде тұратын жерін, «Жақындар» бөлімінде туыстарының байланыс деректерін алдын ала сақтап қоюға болады.
Бригада шақыру үшін экранның төменгі жағындағы «103» батырмасын басып, көмек керек адамның аты-жөнін, мекенжайын және жай-күйін жазу қажет. Өтінім «Жедел жәрдем шақыру» батырмасы арқылы жіберіледі.
Шақырудың барысы нақты уақытта көрсетіледі: бот өтінімнің қаралып жатқанын, оны диспетчердің қабылдағанын, бригаданың жолға шыққанын және шақырудың аяқталғанын хабарлайды. Бригада тағайындалған соң оның қайда екені мен шамамен қашан жететіні картадан көрінеді. Адамның жағдайы нашарласа, «Жағдайым нашарлады» батырмасы арқылы диспетчерге қосымша хабарлама жіберуге болады. Көмек қажет болмай қалса, шақыруды болдырмауға мүмкіндік бар.
Әкімдік ботты тек шынымен қажет болғанда пайдалану керегін ескертті: жалған шақыру үшін Қазақстан заңнамасына сәйкес жауапкершілік көзделген.
Жедел жәрдемді Telegram арқылы шақыру мүмкіндігі басқа өңірлерде де бар: Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Астанада 103 нөмірінен бөлек 112 желісі мен @ns103bot боты жұмыс істейді. Есту қабілеті бұзылған адамдарға арналған цифрлық сервистер ұлттық деңгейде де дамып келеді: үкімет ымдау тілін жасанды интеллект көмегімен аударатын жүйе әзірлеп жатыр, ал жазда «е-Ымдау» ымдау тілі бейнесөздігі іске қосылды.



