Байланыс операторларының «сыйлыққа телефон» акциясы іс жүзінде бөліп төлеу болып шығуы мүмкін: смартфонның құнын ай сайынғы төлемге қосып жібереді, ал абоненттер бұл туралы кейін, кездейсоқ біледі. Тұрғындар осындай шағыммен Павлодар облысының сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінуде, деп хабарлайды Kazinform.
«Іс жүзінде мұндай акциялардың шарттары белгілі бір кезең бойы міндетті ай сайынғы төлемді көздеуі мүмкін, ал берілген телефонның құны төлемдердің жалпы сомасына қосылып кетуі мүмкін. Мұндай жағдайларды Департаментке түсіп жатқан өтініштер де растайды», — дейді ведомствода. Операторлардың атауы айтылмаған.
Бір жағдайда облыс тұрғыны отбасылық тариф жоспарына ауысқан. Қызмет көрсету орталығының қызметкері оған смартфон сыйлыққа берілетінін, барлық шығын абоненттік төлемге қосылғанын айтып сендірген. Кейін клиенттің үй интернеті ажыратылып, колл-орталықта оған «сыйлық» телефонның ақысын бөлек төлеу керек екенін айтқан.
Тағы бір абонент бөліп төлеу туралы ипотека рәсімдеп жатқанда білген. Акциялық тарифпен бірге оның атына смартфонға 12 айлық бөліп төлеу рәсімделген екен. Ер адамның айтуынша, ол бұл туралы білмеген. Қолданыстағы қарыз ипотека алуға кедергі келтіруі мүмкін еді, сондықтан ол телефонның құнын мерзімінен бұрын толық төлеген. Осыдан кейін оператор шартты біржақты тәртіппен бұзып, оған ұялы байланыс пен интернетті ажыратқан, ал абоненттің ешқандай қарызы болмаған. Бірнеше рет өтініш жасағанына қарамастан, оператор қызметті қайта қосудан бас тартқан.
Абоненттер не істеуі керек. Департамент акцияның жарнамасына ғана сеніп келісім бермеуге, шартқа қол қоймас бұрын оны мұқият оқуға, ұсыныстың толық құнының есебін сұрап, барлық төлем мен міндеттемені нақтылауға кеңес береді. Егер дау туындап қойса, алдымен операторға жазбаша талап-арыз жіберу керек. Жауап болмаса немесе бас тартса, тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне, одан кейін сотқа жүгінуге болады.



