Мазмұнға өту

Трамп әкімшілігінің шенеунігі Гайана жерін Венесуэлаға беруді ұсынған

АҚШ Мемлекеттік департаменті Вашингтонның Венесуэла мен Гайана арасындағы шекараға қатысты ұстанымы өзгермегенін мәлімдеді.

Делси-Родригес-принесла-присягу-в-качестве-временного-президента-Венесуэлы
Делси Родригес принесла присягу в качестве временного президента Венесуэлы

АҚШ Мемлекеттік департаментінің саяси жоспарлау бөлімінің бұрынғы басшысы Джереми Левин соңғы айларда Венесуэла мен Гайана билігімен Эссекибо өңірінің бір бөлігін Каракастың бақылауына беру мүмкіндігін талқылаған. Бұл — Венесуэла 180 жылдан астам уақыт бойы талап етіп келе жатқан Гайана аумағының батыстағы үштен екі бөлігі. Бұл туралы 19 қарашада жағдаймен таныс үш дереккөзге сілтеме жасап Reuters хабарлады.

Агенттік дерегінше, Левин бұл ойды шілдеде Каракаста Венесуэла президентінің міндетін атқарушы Делси Родригеспен, ал қыркүйекте Вашингтонда Гайана СІМ хатшысы Роберт Персаудпен талқылаған. Reuters-тің тағы бір дереккөзі бұл мәселемен айналысуды Левинге Ақ үй тапсырғанын айтады. Қыркүйектегі кездесуде нақты қандай тұжырымдар айтылғаны жөнінде агенттіктің дереккөздерінің пікірі әртүрлі.

Reuters мәліметінше, бұл ұсыныс Гайана шенеуніктерін таң қалдырған: ел билігі Эссекибо мәртебесі талқыланбайтынын бірнеше рет мәлімдеген. Гайана тарапы бірден Мемдептің басқа қызметкерлерінен түсініктеме сұрап, АҚШ саясаты өзгермегені туралы кепілдік алған. Гайана мен Венесуэла үкіметтері агенттіктің сауалдарына жауап бермеді.

Мемлекеттік департамент өкілі Reuters-ке ведомство күн сайын «сырттағы тараптардан түрлі идеялар мен саяси нұсқалар» алатынын, ал оның Венесуэла мен Гайана арасындағы шекараға қатысты ұстанымы өзгермегенін айтты. Ақ үй сұрақтарды Мемдепке жолдады. Левиннің өзі агенттікке «алдын ала» келіссөздерді Ақ үйдің өтінішімен жүргізгенін және олар туралы мемлекеттік хатшы Марко Рубио мен Ақ үйге баяндағанын айтты. Ол бұл әңгімелерді «құпия» деп атап, өзгеше әрекет етті деген болжамдарды «мүлдем жалған» деді.

Левин Reuters-ке Родригестің Трампқа 11 мамырда жазған хатын берген. Онда ол хатта айтылғандай, «тарихи аумақтық дауға» байланысты Гайанамен шиеленісті бәсеңдетуге көмек сұрайды. Агенттік хаттың түпнұсқа екенін тәуелсіз түрде тексере алмады. Қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясында Родригес Гайананы өңірдің құқықтық мәртебесі жөнінде келіссөзге шақырған.

Эссекибо алтынға, алмазға және бокситтерге бай. ExxonMobil 2015 жылы Гайана жағалауынан ірі мұнай кен орындарын ашқаннан кейін дау өршіді: содан бері бұл елдің экономикасы әлемдегі ең жылдам қарқынмен өсіп келеді. Гайана 2018 жылы БҰҰ Халықаралық сотына жүгініп, 1899 жылғы төрелік белгілеген шекараны растауды сұрады. Елде шамамен 1 млн адам тұрады, ол — АҚШ-тың жақын одақтасы.

Левин Мемдептің саяси жоспарлау бөлімін тамызда басқарып, қазан айының соңында ведомстводан кеткен. Қаңтарда америкалық әскерилер Николас Мадуроны қолға түсіріп, есірткі терроризмі айыбымен Нью-Йоркке жеткізгеннен кейін Вашингтон мен Каракас қарым-қатынасы айтарлықтай жақсарды. Содан бері Венесуэланы бұрынғы вице-президент Родригес басқарып отыр. Осы аптада Пентагон басшысы Пит Хегсет Каракасқа барып, әскери ынтымақтастықты қалпына келтіру туралы келісімге қол қойды.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз