Қазақстанның миноритарлық акционерлер қауымдастығы QAMS ҚТЖ, «ҚазМұнайГаз», «Қазатомөнеркәсіп» және басқа ұлттық компанияларға иелік ететін «Самұрық-Қазына» қорының кемінде 10% акциясын Қазақстан қор биржасына (KASE) және АХҚО биржасына (AIX) шығаруды ұсынды. Мемлекеттік активтерді басқару реформасы жөніндегі тоғыз ұсынысты қауымдастық 27 қарашада жариялады, деп хабарлайды The Tenge. Әзірге бұл мемлекеттің шешімі емес, қоғамдық ұйымның бастамасы.
Тағы бір ірі ұсыныс — коммерциялық компаниялардағы мемлекет үлесін заңмен 51%-бен шектеу. Бұл бақылауды мемлекетте қалдырады, бірақ жеке капиталға жол ашады. QAMS мұны «ҚазМұнайГаз», «Қазатомөнеркәсіп», KEGOC, «ҚазТрансОйл» және «Қазақтелекомнан» бастауды ұсынады: олардың акцияларының бір бөлігін SPO, яғни биржада саудаланып жүрген компанияның акцияларын қосымша сату арқылы өткізу керек.
Сондай-ақ қауымдастық қазіргі мемлекеттік қызметшілерге, оның ішінде үкімет мүшелеріне, қор мен оның компанияларының директорлар кеңесі мен бақылау кеңестеріне кіруге тыйым салуды, ал кеңес төрағалығына тек тәуелсіз директорларды тағайындауды ұсынады. Мемлекет үлесі бар жария компанияларда кемінде бір тәуелсіз директорды мемлекеттің дауысынсыз, тек миноритарлық, яғни аз үлесі бар акционерлер сайлауы тиіс. Бұдан бөлек, QAMS қор мен компанияларды директорлар кеңесінің әр мүшесіне төленген сыйақыны жылдық есепте ашып көрсетуге міндеттеп, басшылардың бонусын акциямен төлеуді және елеулі бұзушылық анықталса, оны қайтарып алуды талап етеді.
Қарапайым адам үшін мұның мәні мынада: егер ұсыныстар қолдау тапса, қазақстандықтардың ірі ұлттық компаниялар мен қордың өз акцияларын отандық биржалардан сатып алу мүмкіндігі артады. Қазір «ҚазМұнайГаз», «Қазатомөнеркәсіп», KEGOC, «ҚазТрансОйл» мен «Қазақтелеком» акцияларының бір бөлігі ғана еркін айналымда, ал «Самұрық-Қазына» акциялары биржада мүлдем жоқ.
«QAMS қауымдастығы «Самұрық-Қазына» тобындағы корпоративтік басқару деңгейін төмен, ал қордың портфельдік компанияларының операциялық қызметіне араласу дәрежесін жоғары деп бағалайды», — делінген мәлімдемеде. Қауымдастықтың пікірінше, басқарудың әлсіздігінен топ компанияларының акциялары нақты құнынан арзан тұр, бұдан жеке инвесторлар ғана емес, мемлекеттің өзі де ұтылады. QAMS сондай-ақ қордың директорлар кеңесіне SKAI жасанды интеллектін не себепті енгізгенін әлі түсіндірмегенін еске салды, ал заң бойынша кеңес мүшесі тек жеке тұлға бола алады.
Ұсыныстар қордағы сыбайлас жемқорлық жанжалы аясында пайда болды. 11 қарашада ҰҚК «Самұрық-Қазына» басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты және ҚТЖ басшысы Елжас Отыншиевті ұстады, кейін сот оларды қамауға алды. 23 қарашада «Қазатомөнеркәсіп» басқармасының мүшесі Қуаныш Омарбеков ұсталды, ал бір аптада компаниядан басқарманың үш мүшесі кетті. Күдіктілердің кінәсін сот әлі анықтаған жоқ. Бұған дейін Energy Monitor басшысы Нұрлан Жұмағұлов «ҚазМұнайГазды» қордан шығарып, Лондонда SPO өткізуді ұсынған болатын. QAMS ұсыныстарын үкіметке, Құрылтайға, Ұлттық банкке және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жолдап, оларды жаңа «Капитал нарығы туралы» заңда ескеруді сұрады.



