Қазақстан жасанды интеллект саласында Ресеймен ынтымақтастықты кеңейтіп жатыр, ал Ресейдің өзі санкцияларға байланысты озық американдық чиптерге қол жеткізе алмай отыр. Бұл туралы 26 қарашада Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге сапарынан кейін Reuters хабарлады. Агенттіктің мәліметінше, Қазақстан Президенті AI Journey конференциясы алдында Владимир Путинге Сбербанк пен «Яндексті» қазақстандық нарықта қуана қарсы алатынын, ал ресейлік компаниялар жан-жақты көмекке сене алатынын айтқан.
Ресейдің ЖИ модельдерін оқытуға арналған суперкомпьютерлері Украинадағы соғысқа дейін ескі Nvidia чиптерімен жасалған, деп еске салады агенттік: АҚШ санкцияларынан кейін американдық чиптерді әкелу тоқтаған, ал ел өзінің озық чиптерін шығармайды. Путин конференцияда электр энергиясының, желілердің және күрделі компонент базасының тапшылығы технологиялық жарыстағы басты кедергіге айналып отырғанын айтты. Ресейдің жаңа жарлығы компанияларға арнаулы қызметтердің келісімімен шетелдегі деректер орталықтарын пайдалануға рұқсат береді.
Reuters жазуынша, көптеген ресейлік компания Орталық Азияда еш шектеусіз жұмыс істейді: олар аймақ елдерінің Батыспен байланысын және Қытайға жақындығын пайдаланады. Агенттіктің бағалауынша, ЖИ саласындағы тығыз ынтымақтастық пен ресейлік бизнестің Қазақстандағы қатысуының артуы бұл үрдісті күшейтуі мүмкін. Reuters Қазақстаннан Ресейге американдық чиптер жеткізілгені туралы хабарлаған жоқ.

Агенттік «Коммерсантъ» басылымына сілтеме жасап, Қазақ КСР-інде туған Сбербанк басшысы Герман Грефтің Тоқаевпен ЖИ-ді дамыту туралы үнемі пікір алмасатынын және Астанаға жиі келетінін жазды. Сбербанк бұл ақпаратқа пікір білдірмеді. Reuters дереккөзінің айтуынша, мамыр айында Греф ең озық қытайлық чиптерге қол жеткізу жөнінде келіссөз жүргізу үшін Қытайға барған, бірақ келіссөз нәтиже бермеген.
Мәскеуге сапар Тоқаевтың Астанада Nvidia басшысы Дженсен Хуангпен кездесуінен бір ай өткен соң өтті. Сол кезде Тимур Турлов басқаратын Freedom Holding Nvidia-ның ең жаңа B300 чиптеріне тапсырыс беретінін және Қазақстанда құны 2 млрд доллар (шамамен 918 млрд теңге) болатын егеменді ЖИ-хаб салатынын жариялаған. Турлов 2022 жылы Ресей азаматтығынан бас тартып, Ресеймен іскерлік байланысын үзген. Хуанг сол сапарында Nvidia 400 млн долларлық (шамамен 184 млрд теңге) инвестиция раундында қазақстандық Higgsfield стартапына қаржы салғанын растаған. Қазақстан маусымда АҚШ-тың Pax Silica бастамасына, ал шілдеде Қытайдың Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық жөніндегі дүниежүзілік ұйымына (WAICO) қосылды.
Осы аптада Тоқаев Кремльде Путинмен кездесті, ал AI Journey-де технологияны Ресеймен серіктестіктің басты бағыты деп атады.



