Мазмұнға өту
2026 жылғы 29 қараша, жексенбі

Пилотсыз көліктерге 27 қарашадан бастап жаңа қағидалар енгізілді

Жүргізушісіз әр көлікті қашықтағы оператор үздіксіз бақылап отыруы тиіс, ол кез келген сәтте басқаруды өз қолына ала алады.

Беспилотный автомобиль на испытаниях в Казахстане

Қазақстанда 27 қарашадан бастап жолаушы мен жүкті пилотсыз көлікпен тасымалдау қағидалары күшіне енді. Оларды көлік министрінің міндетін атқарушы 10 қарашада бұйрықпен бекітті, құжат нормативтік құқықтық актілердің эталондық банкінде жарияланды. Жүргізушісіз көлік адам мен жүкті мемлекеттік тіркеуден өтіп, қауіпсіздік талаптарына сай екені расталғаннан кейін ғана тасымалдай алады.

Жүргізушінің болмауы көліктің бақылаусыз жүретінін білдірмейді. Бүкіл маршрут бойы оны қашықтағы оператор үздіксіз қадағалауы керек, ол қозғалыстың кез келген кезеңінде басқаруды өз қолына алуға құқылы. Сапар кезінде жұмыс орнын тастап кетуге тыйым салынады. Оператор ауысым алдында медициналық куәландырудан өтеді, ал пилотсыз көлік тәулік бойы жұмыс істесе, операторлар бірін-бірі ауыстырып отырады.

Әр шығар алдында басқару, навигация, кедергіні анықтау жүйелері мен оператормен байланыс тексеріледі — маршрутқа тек толық жарамды көлік шығарылады. Пилотсыз көлік белгіленген аумақ шегінде және жүйелері қалыпты жұмыс істей алатын ауа райында ғана жүре алады.

Басқару орталығымен байланыс үзілсе, техникалық ақау орын алса, түтін немесе жану белгілері пайда болса, жүйе көлікті ең қауіпсіз жерде өзі тоқтатуы тиіс. Қашықтан бақылаусыз сапарды жалғастыруға болмайды: қауіпсіз тоқтау үшін қысқа автоматты маневр жасауға ғана рұқсат етіледі. Негізгі басқару орталығы істен шықса, байланыс пен жабдық тексерілгеннен кейін бақылау резервтік пунктке беріледі.

Жол-көлік оқиғасы болған жағдайда оператор көлікті тоқтатуға немесе қауіпсіз қозғалыс режимін сақтауға міндетті. Егер оқиға адамдарға, мүлікке немесе қоршаған ортаға қауіп төндірсе, бұл туралы 112 қызметіне бес минуттан кешіктірмей, ал уәкілетті мемлекеттік органға алғашқы хабарламаны 30 минут ішінде жіберу қажет. Камера жазбалары мен көліктің қозғалысы туралы деректерді сақтап қою керек болады.

Құжат тек жолаушы мен жүк тасымалдайтын пилотсыз көлікке қатысты — рөлде жүргізушісі бар қарапайым көліктерге ол қолданылмайды.

Бұған дейін билік пилотсыз автомобильдер Алматы, Астана және Қосшыда үш жыл бойы арнайы полигондарда әрі жалпы пайдаланымдағы жолдардың жекелеген маршруттарында сыналатынын хабарлаған. Мұндай көлікке арналған Алматының жол инфрақұрылымының цифрлық картасын Цифрлық даму министрлігі мен Yandex Qazaqstan жасап жатыр.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз