WWE жанкүйерлеріне Бронсон Рид деген атпен танымал австралиялық балуан Джермейн Хейли 38 жасында қайтыс болды. Бұл туралы әлемдегі ең ірі рестлинг-промоушен WWE 27 қарашада Instagram парақшасында хабарлады. Deadline дерегінше, ол 26 қарашада денсаулығына байланысты асқынулардан көз жұмған.
WWE жазбасы қысқа: компания Джермейн Хейлидің қайтыс болғанын «қатты қайғырып хабарлайтынын» жазып, оның отбасына, достары мен жанкүйерлеріне көңіл айтады. Жазбаның астында 56 мыңнан астам пікір қалдырылған.
Deadline келтіргендей, WWE мәлімдемесінде: «Джермейн WWE-де өмірден де үлкен тұлға болды. Ең бастысы, ол керемет адам, отбасына берілген жан және сүйікті әріптес еді», – делінген. Компания балуанның бүкіл отбасына, соның ішінде жүкті әйелі Пейдж бен олардың қызына көңіл айтты. Ерлі-зайыптының 2024 жылы туған қызы бар, ал қазір Пейдж екінші баласын күтіп жүр.
Қайтыс болу себебі ресми түрде аталмады. Sports Illustrated дерегінше, Хейли Сауд Арабиясында өткен WWE Crown Jewel шоуында жарақат алған: оның бірнеше қабырғасы сынып, бүйрегі зақымданған. Ол АҚШ-қа 18 қарашада оралған. Теледидардан көрсетілген соңғы жекпе-жегін ол Оба Фемиге қарсы өткізген.
Джермейн Хейли 1988 жылы Аделаидада туып, 2007 жылы өнер көрсете бастаған. WWE-мен келісімшартқа 2019 жылы қол қойып, 2021 жылы NXT Солтүстік Америка чемпионы атағын жеңіп алды, кейін жапониялық New Japan Pro-Wrestling-те өнер көрсетті, ал 2022 жылғы желтоқсанда WWE-ге оралып, Raw шоуының көзге түскен ауыр салмақты балуандарының біріне айналды. Әйелі Пейдж екеуі мектеп кезінен бері бірге болған.



