Мазмұнға өту

Израиль бітімге қарамай Газа орталығында құрлық операциясын жүргізді

Сол күні Бейбітшілік кеңесі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне Израиль де, ХАМАС та міндеттемелерін орындамай отырғанын, бітімнің бұзылуы мүмкін екенін хабарлады.

Палестинцы покидают дома после приказа израильской армии об эвакуации в центре сектора Газа, 18 ноября 2026 года
Фото: Reuters

Израиль армиясы 18 қарашада Газа секторының орталығында танкілер қатысқан құрлық операциясын жүргізді. Бұл аумақ 2025 жылғы қазандағы бітім шарты бойынша ХАМАС бақылауында қалған. 19 қарашада әскерилер AFP агенттігіне операцияның аяқталғанын хабарлады. Reuters сілтеме жасаған тұрғындардың айтуынша, бұл – бітім басталғаннан бері израиль әскерінің «сары сызықтан» өткен алғашқы құрлық рейді.

Танкілер Нусейрат босқындар лагерінің шығысына және Бурейдж лагерінің солтүстігіне кірді, Газаның басты жолы – Салах әд-Дин тас жолы уақытша жабылды. Әскерилер «сары сызықтың» батысындағы израиль сарбаздарына «тікелей қауіп төндірген» ХАМАС туннелін жойғанын айтып, рейдті ХАМАС-тың бітімді бұзуына жауап деп атады. Операциядан кейін Израильдің COGAT ведомствосы бұл орамдарда адамдар қайтадан еркін жүре алатынын, жолдың ашылғанын хабарлады. Израиль қорғаныс министрі Израиль Кац ХАМАС қарусызданбайынша әскер Газадан кетпейтінін мәлімдеді.

Эвакуация туралы бұйрықтан кейін Нусейраттың солтүстік бөлігінің тұрғындары үйлері мен шатырларын тастап кетті. Al Jazeera сілтеме жасаған ауруханалардың деректері бойынша, операция кезінде үш палестиналық қаза тапты. Reuters дәрігерлерге сілтеме жасап, рейд болған жердің маңындағы әуе соққысынан бір адам қаза тапқанын хабарлады.

ХАМАС операцияны бітімді «өрескел бұзу» деп атап, салдары үшін жауапкершілікті Израиль мен АҚШ-қа жүктеді. Сол күні АҚШ президенті Дональд Трамп басқаратын Бейбітшілік кеңесі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне бітімнің барысы туралы баяндама жолдады. Кеңестің бағалауынша, Израиль де, ХАМАС та міндеттемелерін толық орындамай отыр, бітім бұзылуы мүмкін. Құжатта: «Көзге көрінер нәтиже бермейтін бітім шексіз созыла алмайды», – делінген.

Қазақстан – Бейбітшілік кеңесінің негізін қалаушылардың бірі. Ақпан айында Вашингтонда өткен кеңестің алғашқы отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев Газадағы Халықаралық тұрақтандыру күштеріне әскерилерді, соның ішінде медициналық бөлімшелерді жіберуге дайын екенін айтып, палестиналық студенттерге қазақстандық жоғары оқу орындарында оқу үшін 500-ден астам грант бөлінетінін мәлімдеді.

Бітім 2025 жылдың қазан айында Трамп жоспарының бірінші кезеңі ретінде күшіне енді. Сол кезде израиль әскері Газаны Израиль мен ХАМАС бақылайтын аймақтарға бөлетін «сары сызыққа» дейін шегінді. Израиль армиясының деректері бойынша, ол сектор аумағының 60%-дан астамын бақылайды. AFP-тің Газа денсаулық сақтау министрлігі деректеріне негізделген есебі бойынша, бітім басталғаннан бері 1600-ден астам палестиналық қаза тапты. Израиль армиясы жеті әскери қызметшісі мен бір азаматтық мердігердің қаза тапқанын хабарлайды.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз