Мазмұнға өту

Korean Air 2027 жылдың жазында Сеул — Алматы рейсін ашпақ

Әуе компаниясы Сеул — Астана бағытын да қарастырып отыр, ал Қазақстан Кореямен әуе қатынасы туралы келісімге қол қоюға дайын.

Самолёт авиакомпании Korean Air
Фото: Korean Air

Оңтүстік Кореяның Korean Air әуе компаниясы 2027 жылдың жазында Сеул — Алматы бағыты бойынша рейс ашуды жоспарлап отыр. Бұл туралы 19 қарашада Азаматтық авиация комитетіне сілтеме жасап Kazinform хабарлады. Тасымалдаушының жоспары Қазақстанның көлік вице-министрі Талғат Ластаев пен Корея Республикасы Жер, инфрақұрылым және көлік министрлігінің азаматтық авиация жөніндегі министр орынбасары Чон Чхе Гёнің кездесуінде талқыланды. Кездесу ИКАО-ның әуе көлігі жөніндегі 7-ші Дүниежүзілік конференциясы (ATConf/7) аясында өтті.

Korean Air екінші бағытқа — Сеул — Астана маршрутына да қызығушылық танытып отыр. Ведомстводағылардың айтуынша, әуе компаниясы бұл маршруттың болашағын қарастыруға дайын. Алғашқы рейстің күні, ұшу жиілігі және әуе билеттерінің бағасы әзірге айтылған жоқ.

Жолаушылар үшін бұл Кореяға ұшудың нұсқалары көбейеді деген сөз. Қазір екі ел арасында үш бағыт бойынша аптасына 12 тұрақты жолаушылар рейсі орындалады: Астана — Сеул, Алматы — Сеул және Шымкент — Сеул. Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, Ластаев жаңа тасымалдаушы жолаушылар ағынының артуына және туристік байланыстардың нығаюына ықпал етіп, саяхатшыларға қосымша мүмкіндік береді деп санайды.

Тараптар Қазақстан мен Корея арасындағы әуе қатынасы туралы келісімнің жобасын да талқылады. Вице-министр қазақстандық тараптың оған қол қоюға дайын екенін растады. Құжат әуе қатынасын кеңейтудің құқықтық негізіне айналып, екі елдің әуе компанияларына жаңа мүмкіндіктер беруі тиіс.

Korean Air — Оңтүстік Кореяның ұлттық әрі ең ірі әуе тасымалдаушысы. Компания қазір Қазақстанға тұрақты рейс орындамайды.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз