Павлодарлық оқушы Жансая Абай ерекше балаларға арналған «Ёлка добрых дел» қайырымдылық жобасын үш жыл қатарынан ұйымдастырып келеді. Биылғы жаңажылдық мереке 18 желтоқсанда өтеді, деп хабарлайды Informburo.
Жансая бұл істің бәрін өзі атқарады: балалардың жаңа жылдағы тілектері жазылған хаттарды жинап, демеушілер іздейді. Қыздың өзі де балалар церебралдық сал ауруымен өмір сүріп келеді. Оның айтуынша, алғашқы жылдары әр балаға сыйлық таба алмай қаламын ба деп қатты уайымдаған, ал қазір бұл іске сенімдірек кіріседі. «Айналамда мейірімді, жанашыр адамдар көп екенін білемін», – дейді оқушы.
Жобаға көмектескісі келетін кез келген адам қосыла алады. Ол үшін баланың тілегі жазылған хатты таңдап, сыйлық сатып алу керек. Сыйлықты ұйымдастырушыларға тапсыруға немесе мерекеде балаға өз қолыңызбен беруге болады. Сондай-ақ ақша аударуға да мүмкіндік бар: Жансая деректемелерді жобаның Instagram-дағы парақшасында жариялады.
Хаттар келе бастады, ондағы тілектер де қарапайым. 13 жастағы бала құлаққап пен суперқаһармандар бейнеленген пазл сұрайды, бір қыз спорттық костюм армандайды. Тағы бір қатысушы «жылы әрі жайлы болатын» пижама сұраған.



