Астанадағы №12 мектептің мұғалімі Жарқынәлі Ошаев оқу орнының холында 7 мың кітаптан биіктігі 8 метр болатын мұнара тұрғызды. Бұл туралы 23 қарашада Астана қаласының әкімдігі хабарлады.
Құрылымның басты ерекшелігі – шексіздік әсері. Үлкен залдың ортасында тұрған мұнара сырттай қарағанда бірнеше метр ғана болып көрінеді. Ал ішіне үңілсеңіз, оның ұшы зал төбесінен әлдеқайда биікке созылып жатқандай әсер қалдырады. Мұғалім бұл оптикалық иллюзияны еден мен төбеге орнатылған айналардың көмегімен жасаған.
Мұнараға қажетті кітаптарды педагогтер мен оқушылардың өздері жинап әкелген. Әкімдіктің айтуынша, құрастыру кезінде қауіпсіздік талаптары толық ескерілген. Ерекше экспонат оқушылар мен олардың ата-аналарының қызығушылығын тудырып отыр.
Әкімдік туындының мәнін былай түсіндірді: «Экспонат авторы осындай ерекше шешім арқылы кітаптың адамзатқа шексіз білім мен ақпарат әлемінің есігін ашатынын жеткізгісі келген». Кітап мұнарасы – Жарқынәлі Ошаевтың алғашқы ерекше жұмысы емес: ұстаз бұған дейін де қолөнер туындыларымен көпшілікті таңғалдырған.
Кітап мұнарасы түсірілген бейнежазбаны Астана әкімдігі Instagram-да жариялады.



