Өскеменде бірнеше мектепке апаратын жолдағы шамдар қайта жанды. Жарықты ата-аналардың өтініштерінен кейін қала әкімі Алмат Ақышовтың тапсырмасымен қалпына келтірді, деп хабарлады 24 қарашада қала әкімдігі.
Ата-аналар №48, 36, 35, 11, 4 және басқа да мектептердің маңындағы шамдар жанбайтынына шағымданған. Қараша айының соңында күн кеш шығып, ерте батады, сондықтан мектепке барып-келетін жолды балалардың көбі қараңғыда жүріп өтеді.
- №36 мектеп – шамдар толық ауыстырылды.
- №4 мектеп – жаңа шам бағаналары орнатылды.
- №35 мектеп – жолға жарық түсті, мұны ата-аналардың өздері әкімнің жарияланымына жазған пікірлерінде растады.
№48 және №11 мектептер мен шағым тізіміндегі өзге оқу орындарының маңындағы жұмыс аяқталған-аяқталмағанын әкімдік әзірге нақтыламады. Жөнделген учаскелер түсірілген бейнені әкім өзінің Instagram парақшасында жариялады.



