Астанада 19 қарашадан 2027 жылғы қаңтардың соңына дейін Талғар көшесінің Қордай көшесінен Қаныш Сәтбаев көшесіне дейінгі бөлігінде қозғалыс ішінара шектеледі. Алматы ауданындағы бұл учаскеде инженерлік желілер тартылып жатыр. Бұл туралы елорда әкімдігі хабарлады.
Әкімдік жариялаған сызбаға қарағанда, жұмыс Талғар көшесі мен Мағжан Жұмабаев даңғылының қиылысын да қамтиды. Шектеудің нақты уақыты мен айналма жолдар хабарламада көрсетілмеген. «Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерден жол бағытын алдын ала жоспарлап, жол қозғалысын ұйымдастырудағы уақытша өзгерістерді ескеруді сұраймыз», — делінген әкімдік хабарламасында.
Жаңа шектеу елордадағы басқа да ұзақ жабылған учаскелерге қосылды. Әкімдік кестесі бойынша:
- 30 қарашаға дейін Әл-Фараби даңғылы мен Хусейн бен Талал көшесінің қиылысы жабық — онда Тәуелсіздік даңғылын жалғастырып жатыр;
- 1 желтоқсанға дейін Бердібек Соқпақбаев көшесінде Ш. Бейсекова көшесінен К. Күмісбеков көшесіне дейін қозғалыс шектелген;
- 2026 жылдың соңына дейін Алматы көшесінің Ақмешіт пен Сауран көшелері арасындағы және Түркістан көшесі мен Мәңгілік Ел даңғылы арасындағы бөліктері, сондай-ақ Алматы мен Ақмешіт көшелерінің қиылысы жабық — мұнда ұзындығы шамамен 800 метр болатын туннель салынып жатыр, оны 2027 жылы аяқтау жоспарланған;
- Сығанақ пен Айтматов көшелерінде қозғалыс ішінара шектелген, онда Tarlan Astana LRT желісінің екінші кезегі салынып жатыр.
Жолдар жабылғандықтан, жүргізушілерге сапарға, әсіресе қарбалас уақытта, көбірек уақыт қалдыруға және көшенің ашық-жабығын шығар алдында тексеруге кеңес беріледі: жұмыс аяқталған сайын қозғалыс сызбасы өзгеріп отырады.



