Алматыда «Барлық» базарының жанында салынып жатқан метро бекетінде вестибюль мен платформа бөлігі бетондалып жатыр. Бұл — бірінші желіні «Қалқаманнан» әрі жалғастыратын үш жаңа бекеттің соңғысы. Бүкіл учаскені 2029 жылы пайдалануға беру жоспарланған, деп хабарлады «Метрополитен» КМК.
Бекеттердің әзірге атауы жоқ: олар I, II және III бекет деп белгіленген, ресми атауларын кейін бекітеді. Олар қай жерде орналасады және қазір онда қандай жұмыс жүріп жатыр:
- I бекет — Алатау даңғылында, Абай даңғылынан солтүстікке қарай, Сәбденов көшесінен оңтүстікке қарай, Наурызбай ауданы әкімдігінің маңында. Мұнда электр желілері мен газ құбыры көшірілді, айналма жол салынып бітті, енді жер жұмыстары басталып жатыр.
- II бекет — Алатау даңғылы мен Төле би көшесінің қиылысында. Инженерлік желілерді көшіру және айналма жол салу аяқталуға жақын.
- III бекет — «Барлық» базарының аумағында. Мұнда жер және бетон жұмыстары жүріп жатыр, оның ішінде вестибюль мен платформа бетондалуда.
Ұзындығы 5,3 шақырым жаңа учаске қызыл желіні Абай даңғылы мен Әшімов көшесінің қиылысындағы «Қалқаман» бекетінен әрі жалғастырады. Наурызбай ауданындағы «Қалқаман» бекетінің өзін 2026 жылғы 1 желтоқсанда ашу жоспарланған. «Барлық» базарының жанында билік метро, LRT, автовокзал мен көлік тұрағын біріктіретін ірі көлік торабын салмақ. Қазір Алматы метросында 11 бекет бар, жолдың ұзындығы — 13,4 шақырым.



