Алматы облыстық соты актер әрі блогер Нұрсұлтан Жақсыгенге шығарылған үкімді өзгеріссіз қалдырды. Ол бұрынғы әйелі туралы көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылған. Қорғау тарапының апелляциялық шағымы 19 қарашада қанағаттандырылмады, деп хабарлайды Kazinform сот баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгеріссіз, ал қорғау тарапының апелляциялық шағымын қанағаттандырусыз қалдырды», делінген қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының хабарламасында. Сот жәбірленуші Фариза Сабыралиеваның азаматтық талабын ішінара қанағаттандырды: оның пайдасына 5 млн теңге өндіріледі.
Шешім туралы әлеуметтік желіде алғаш болып жәбірленушінің адвокаты Мұхаммад Әлиосманұлы жазды. «Бірінші сатыдағы сот судьяларына және Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасына осы қылмыстық істі жан-жақты, объективті және бейтарап қарағаны және заңның үстемдігін қамтамасыз еткені үшін шын алғысымды білдіремін», деп жазды ол. Жақсыгеннің қорғаушысы алғашқы үкімнен кейін онымен келіспейтінін айтып, шағым түсіретінін мәлімдеген.
Тергеу нұсқасы бойынша, Жақсыген ажырасқаннан кейін әлеуметтік желілерде бұрынғы жұбайы туралы көрінеу жалған мәлімет таратқан: оның әдепсіз мінез-құлқы туралы түсінік қалыптастырып, ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірген. Бұрынғы ерлі-зайыптылардың екі жас баласы бар.
2026 жылғы қыркүйекте Алматы облысының Қарасай аудандық соты актерді 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар оған бес жыл бойы журналистік, блогерлік және өзге де жария ақпараттық қызметпен айналысуға тыйым салынды.



