Мазмұнға өту

Флоренс Пью пластикалық ота мен Оземпик туралы қауесетке жауап берді

Оған актрисаның 2024 жылғы суреттерін 15 қарашада Лос-Анджелесте өткен Governors Awards салтанатындағы фотолармен салыстырған вирустық бейнежазба себеп болды.

Британская актриса Флоренс Пью
Фото: Wikimedia Commons

Британ актрисасы Флоренс Пью пластикалық ота жасатты, арықтауға арналған укол салдырды деген қауесетті жоққа шығарды. Ол 11 миллион оқырманына арналған ұзақ жолдауын 18 қарашада, сәрсенбі күні Instagram парақшасында жариялады. «Мен ешқашан Оземпик қабылдаған емеспін, бетіме ЕШҚАШАН ота жасатқан емеспін», — деп жазды Пью.

Әлеуметтік желідегі вирустық бейнежазба осыған себеп болды. Оның авторы актрисаның 2024 жылғы қызыл кілемдегі суреттерін 15 қарашада Лос-Анджелесте өткен Америка киноакадемиясының Governors Awards салтанатындағы фотолармен салыстырып, Пью «Голливудтың дөңгелек беттерге қарсы соғысының құрбаны болды» деп шешкен. «Оземпик қабылдағанымды интернеттен білдім бе?» — деп кекетеді актриса. Ол мұрнын да бөлек қорғап шықты: «Менің мұрнымды өзім жасамадым деп ЕШҚАШАН айтуға батылдарың бармасын. Менің әрқашан осы әдемі пұшық мұрным болған. Тіпті сәби кезімнен!»

Пью денесін талқылау өзіне батып жүргенін мойындады: «Иә, мен алаңдаулымын». «Мен бүкіл мансабымда өз қалпымен өсетін денелерді жақтап, қорғап келдім», — деп жазды ол. Оның сөзінше, индустрияда оны алғашқы күннен бастап салмағы үшін ұялтқан. Актриса биыл бірнеше басылымды сотқа бергенін де айтты: олар жасанды интеллект жасаған, оған косметикалық инъекция салынып жатқандай көрінетін суреттерді шынайы фото ретінде жариялаған.

Пью сыртқы келбетіндегі өзгерісті өмір салтымен түсіндірді. «Шындығы мынау: мен 30-ға толдым және жаңа жылдағы уәдем ішімдікке деген көзқарасымды өзгерту болды», — деп жазды ол. Актриса спортқа деген көзқарасын да қайта қарап, көбірек демалып, тұрақты тамақтана бастағанын қосты. «Мен өзіме қамқорлық жасап жүрмін, болғаны осы», — деді ол.

Пью жолдауын оқырмандарына өтінішпен аяқтады. «Мен сендерге ашуланып тұрғам жоқ, бізге телініп жатқан жағдайға ашуланып тұрмын», — деп жазды ол. «Барлығымызды жай ғана сақ болуға шақырамын. Біз шынайы өмір сүріп жатқан шынайы адамдармыз». Сосын: «Бірақ біреудің сыртқы келбетін талқылағанда, өздеріңе де, өзгелерге де жұмсақ болыңдаршы», — деп қосты.

Флоренс Пью 30 жаста. Ол «Кішкентай әйелдер» фильміндегі рөлі үшін «Оскарға» ұсынылған, Кристофер Ноланның «Оппенгеймеріне», «Дюна: Екінші бөлімге», Marvel-дің «Қара жесір» және «Найзағайлар*» фильмдеріне түскен. Осы аптада актриса ELLE журналының «Голливудтағы әйелдер» атты жыл сайынғы нөмірінің кейіпкерлерінің бірі болды және 16 қарашада журналдың Лос-Анджелестегі кешіне қатысты.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз