BLACKPINK әншісі Лиса мен «Формула-1» бірлескен Pretty Fast топтамасының заттарын көрсетіп, сатылымды бастады. Ең қымбаты — жарыс дулығасының толық өлшемді көшірмесі: оның бағасы $9000, яғни 4 млн теңгеге жуық. Бағалар мен суреттер Лисаның ресми дүкенінде жарияланды.
Топтаманың басты заты — бағасы $300 (шамамен 133 мың теңге) жарыс күртешесі. Ол қызыл күрең және қара түсті, ақ жиекпен әрленген, сыдырма мен кнопкалар арқылы түймеленеді. LISA x F1 логотиптері күртешенің алдына, арқасына және жеңдеріне тігілген, ал кеудесінде LISA Racing Team деген үлкен жазу мен «Pretty. Fast.» таңбасы бар.

Жеңдері шахмат өрнегімен безендірілген қызыл күрең қысқа худи $140 (шамамен 62 мың теңге) тұрады. Ақ түсті айшықты тігісі бар, денеге қонымды қара футболканың бағасы — $50 (шамамен 22 мың теңге). Лас-Вегас Гран-приіне арнайы шығарылған футболка да бар, ол $65 (шамамен 29 мың теңге) тұрады.

Аксессуарлардың ішінде $50-ден тұратын қара сырылған тоут сөмке мен жанкүйерлерге арналған тоқыма шарф, $130 (шамамен 58 мың теңге) тұратын шахмат өрнекті былғары сөмкеше және сөмкеге тағатын $35-лық металл брелок бар.

Дулыға F1 тизерде көрсеткен дулығаның дәл өзі: күміс түсті, жылтыр, шахмат туларының өрнегімен безендірілген. Оның толық өлшемді көшірмесін «Формула-1» чемпиондарына дулыға жасайтын Bell зауыты шығарады. Оған тапсырыс тек 19–29 қараша аралығында қабылданады. Бұл бағаны қымбатсынғандар үшін $200 (шамамен 89 мың теңге) тұратын шағын көшірмесі бар.

Заттардың бәрі алдын ала тапсырыспен сатылады. Киімдерді 2027 жылғы қаңтардың ортасында не соңында, ал аксессуарлар мен дулыға көшірмесін қаңтардың соңында не ақпанның басында жіберу жоспарланған. Топтама F1 Store дүкенінде де сатылып жатыр, онда оған сыдырмасыз худи, қарапайым футболка және су бөтелкесі қосылған. Лас-Вегаста заттарды Гран-при кезіндегі F1 Hub фан-аймағынан және Caesars Palace қонақүйінің Colosseum залынан алуға болады. 27 және 28 қарашада Лисаның концерттері дәл сол залда өтеді.
Pretty Fast — «Формула-1» тарихында әртістің шығармашылық жетекшілігімен жасалған алғашқы киім топтамасы. Жобаның серіктесі — Ceremony of Roses агенттігі. Теңгедегі бағалар Ұлттық банктің 19 қарашадағы ресми бағамы бойынша есептелді: бір доллар — 444,16 теңге.



