Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) банктерге энергетиканы, коммуналдық инфрақұрылымды және агроөнеркәсіптік кешенді несиелеуді жеңілдетуге арналған түзетулер әзірледі. Реттеуші қаржы ұйымдарына арналған нормативтік актілерге өзгерістер жобасын талқылауға шығарды, деп хабарлайды The Tenge. Әзірге бұл тек жоба: жаңа ережелер қашан күшіне енуі мүмкін екені айтылмаған.
Басты жаңалық кепілге қатысты. Банктер табиғи монополиялардың, мысалы, энергетикалық және коммуналдық компаниялардың болашақ тарифтік түсімін қатты кепіл ретінде қабылдай алады. Ол үшін компания табиғи монополия субъектілерінің мемлекеттік тізіліміне енгізілуі, бекітілген инвестициялық бағдарламасы мен тарифі болуы, ал жобаның техникалық сараптаманың оң қорытындысын алуы тиіс. Қарыз алушының өз капиталы оң болуы және соңғы екі жылдың әрқайсысында негізгі қызметтен түсетін ақша ағыны оң болуы керек. Несие бойынша ықтимал шығынды бағалағанда банк мұндай кепілді тек жартылай – 0,5 коэффициентімен ескереді.
Инфрақұрылымдық жобалар үшін проблемалы несиенің белгілерін де жеңілдету ұсынылып отыр. Қарыз мәжбүрлі түрде қайта құрылымдалды деп саналатын төлемді кейінге қалдыру мерзімін 60 күннен 120 күнге дейін ұзарту көзделген, ал ақша ағындарының келтірілген құны 10%-дан астам төмендеуі туралы шарт сақталады. Компания табысының пайыздық төлемдерден неше есе асатынын көрсететін пайызды өтеу коэффициенті монополиялардың инвестициялық несиелері үшін 1,5-тен 1,3-ке дейін төмендетіледі: қарыз алушының қаржылық қиындығы тек осы деңгейден төмен болғанда ғана тіркеледі.
Жеке шаралар агросектор мен шағын бизнеске қатысты. Банктің АӨК саласындағы ұлттық холдингтің еншілес ұйымына қатысты тәуекелінің оның капиталына шекті арақатынасы 0,5-тен 1,0-ге дейін көтеріледі – бұл S&P шкаласы бойынша рейтингі BB−-тен төмен емес банктерге қатысты, ал арнайы режимнің мерзімі 2027 жылдың соңынан 2029 жылдың соңына дейін ұзартылады. «Даму» қоры мен Қазақстанның Даму Банкі кепілдіктерін банк капиталына жүктемені есептегенде ескеру ұсынылады: егер кері қайтарылмайтын кепілдік қарыздың кемінде 50%-ын жапса, ШОБ несиесінің осы бөлігіне 25% тәуекел коэффициенті қолданылады.
Мұндай шаралар дайындалып жатқанын ҚНРДА төрағасы Мадина Әбілқасымова 13 қарашада Алматыдағы Қаржыгерлер конгресінде айтқан еді, сол кезде реттеуші ұзақ мерзімді несиелер үшін пруденциялық шаралар әзірлеп жатқанын жариялады. Ол банктерді «Халықтық құрылысты» қаржыландырудағы негізгі серіктес деп атаған. Агенттік деректеріне сәйкес, бизнеске берілген несиелер бір жылда 11,9%-ға өсіп, 16,4 трлн теңгеге жетті.



