Ақмола облысындағы «Көкше Цемент» зауыты бірнеше ай тоқтап тұрғаннан кейін өндірісін қайта жолға қойды, деп хабарлады Ақмола облысының әкімдігі. Кәсіпорында жабдықтар жаңғыртылып, жүздеген жұмыс орны сақталды.
Әкімдік мәліметінше, қазір жұмысшылардың жалақысы уақытылы төленіп жатыр, ал жаңа инвестор оны 30%-ға көтеріп те үлгерген. Зауытты облыс әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов аралап көрді. Ол ұжыммен кездесіп, басшылықпен жұмыспен қамту, еңбекақы және өндіріс жоспары туралы сөйлесті.
Зауыттың жобалық қуаты жылына 2 млн тоннаға дейін цемент шығаруға жетеді. Кәсіпорын 2026–2027 жылдары шамамен 1,5 млн тонна өнім өндіруді жоспарлап отыр. Зауыттың әктас пен аргиллит карьерлерінен тұратын өз шикізат базасы бар, сондықтан негізгі шикізатты сырттан сатып алмайды. Шикізат тасымалы мен өндірістегі кейбір жұмыстар жергілікті кәсіпкерлерге берілген. «Көкше-Цемент» ЖШС бас директоры Тимур Утешевтің айтуынша, зауыт толықтай қазақстандық үлесі бар цемент шығаруды басты бағыт етіп алған және солтүстік өңірдегі құрылыстардың сұранысын өтеуге дайын.
Зауыт 2025 жылғы қыркүйектен 2026 жылғы мамырға дейін жұмыс істемеді: өндіріс қаржылық қиындықтар мен күрделі жөндеу қажеттілігіне байланысты тоқтатылған еді. Жұмысты акционерлер мен жаңа инвестор бірлесіп қайта бастады. Инвестор инфрақұрылымды қалпына келтіріп, жабдықты жаңартуға 10 млрд теңгеден астам қаржы жұмсады. Инвестордың атауын әкімдік атамады.
Әкімдік зауыттың қайта ашылуын құрылыс материалдарына сұраныстың өсуімен байланыстырады: Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауқымды құрылыс бағдарламасын жариялады, ал 19 қарашада «Салу, тағы да салу» қағидаты жалпыұлттық ұранға айналатынын айтты. Ернар Жаркешовтың сөзінше, Ақмола облысында Үкімет қолдаған ірі әлеуметтік жобалар басталып кетті, ал өз цемент өндірісі отандық өндірушілердің мемлекеттік жобаларға қатысуына жол ашады. «Көкше Цемент» 2017 жылдан бері жұмыс істейді және елдегі құрылыс индустриясының ірі кәсіпорындарының бірі саналады.



