Жапонияның автомобиль өндірушілері қауымдастығы (JAMA) 19 қарашада кейбір материалдар мен бөлшектерге ортақ талаптар енгізетінін мәлімдеді. Қауымдастыққа Toyota, Nissan, Honda және тағы 11 компания кіреді. Қазір әр марканың өз спецификациясы бар. Бұл туралы Jiji Press хабарлайды.
Алғашқы кезеңде үш позиция бірыңғайланады: болат, пластмасса және электр сымдарының жгуттары. Болаттың ішінде алдымен болат табақтың түрлері қамтылады. Болат пен пластик шанақ пен салонда кеңінен қолданылады, сондықтан қауымдастықтың бағалауынша, олардың құнын төмендету айтарлықтай нәтиже береді. Кейін тізім біртіндеп кеңейеді.
Мақсат — сатып алу шығынын қысқартып, үнемделген қаржыны жаңа буын көліктер мен жаңа технологияларды әзірлеуге бағыттау. Осылайша жапон маркалары қытай өндірушілері барған сайын көзге түсіп жүрген әлемдік нарықта орнын нығайтуды көздейді. Енгізу мерзімі мен үнем көлемін қауымдастық атамады.
Жоспарды Токиодағы баспасөз конференциясында JAMA төрағасы, Toyota Motor вице-төрағасы Кодзи Сато таныстырды. «Біз автоөнеркәсіптің Жапонияның негізгі саласы болып қала беруіне негіз қаламыз», — деді ол.
Жеткізушілер үшін мұның екі жағы бар: тапсырыс көбеюі мүмкін, бірақ өнімдер арасындағы айырмашылық азайса, баға бәсекесі күшейеді. Ірі автоконцерндердің өз еншілес жеткізушілері бар, сондықтан қауымдастық бөлшек өндірушілердің салалық бірлестіктерімен бірге жұмыс істемек.
Сато бұл идеяны жазда-ақ айтқан. Ол кезде маркаларды біріктіру немесе ортақ модельдер туралы емес, сатып алушыға «көрінбейтін» компоненттерді стандарттау жайында айтқан. Automotive News мәліметінше, қазір жеткізушілер спецификациясы әртүрлі 70 000-ға жуық сым жгутын шығарады. Жапон маркаларына қысым артып келеді: 2026 жылғы мамырда қытай брендтері Еуропадағы сатылым бойынша алғаш рет жапон брендтерін басып озды.
Toyota мен Lexus — Қазақстандағы ең танымал маркалардың қатарында, оларды Toyota Motor Kazakhstan ресми түрде сатады; елімізде Nissan, Mitsubishi және өзге де жапон маркалары сатылады. Бөлшектерді бірыңғайлау қазақстандық сатып алушылар үшін көлік бағасына әсер ете ме, өндірушілер бұл туралы хабарламады. Бұған дейін Toyota электрлі C-HR көліктерін кері шақыратынын, сондай-ақ марка Corolla Deck пикапын таныстырғанын жазған едік.



