Мазмұнға өту

АҚШ Украинаға 2,1 млрд долларға 500 Patriot зымыранын сатуды мақұлдады

Сатып алудың барлық шығынын АҚШ бюджеті емес, Киевтің одақтастары – Канада, Германия, Норвегия және Еуропалық одақтың несиесі көтереді.

Немецкий зенитный ракетный комплекс Patriot, развёрнутый в турецкой провинции Малатья в рамках миссии НАТО

АҚШ Мемлекеттік департаменті 30 қазанда Украинаға Patriot зениттік зымыран кешендеріне арналған 500 PAC-3 MSE зымыран-ұстағышын сатуды мақұлдады. Мәміленің құны шамамен 2,1 млрд доллар деп бағаланады. Бұл туралы Мемлекеттік департаменттің Әскери-саяси мәселелер бюросы хабарлады. Шешім жайлы украин БАҚ-ы Киев уақытымен шамамен 21:20-да (Астана уақытымен 31 қазан, 00:20) жазды.

PAC-3 MSE – америкалық Patriot әуе және зымыранға қарсы қорғаныс кешені зымырандарының ең жаңа түрі. Украина үшін бұл – Ресейдің баллистикалық зымырандарынан қорғанудың басты құралы. Мұндай зымырандар Киевке және басқа қалаларға бірнеше минутта жетеді.

Пакетке зымырандардың өзінен бөлек, оларға арналған құпия және құпия емес қосалқы бөлшектер, логистика мен бағдарламаны сүйемелдеу кіреді. Басты мердігер – америкалық Lockheed Martin компаниясы. Мемлекеттік департаменттің мәліметінше, мәмілеге америкалық салық төлеушілердің ақшасы жұмсалмайды. Украина ақысын JUMPSTART бағдарламасы бойынша Канада, Германия және Норвегия берген қаражаттан әрі Еуропалық одақтың Украинаны қолдауға арналған несиесінен алатын өз қаржысынан төлейді.

Мемлекеттік департамент бұл сатылым Украинаның біріккен әуе және зымыранға қарсы қорғанысын күшейтетінін, елдегі Patriot кешендерінің үздіксіз әуе шабуылдарына қарсы жұмысын сақтауға мүмкіндік беретінін мәлімдеді. Ведомство сөзінше, Украинаға қосымша америкалық мамандар жіберудің қажеті жоқ, ал мәміле АҚШ-тың өз қорғаныс қабілетіне әсер етпейді.

Мемлекеттік департаменттің мақұлдауы – міндетті қадам, бірақ әлі жеткізілім емес. Енді өндірушімен келісімшарт жасалуы керек, зымырандардың Украинаға қашан жететіні айтылмады. Жарияланым сәтінде Киев ресми пікір білдірген жоқ.

Шешім зымыран-ұстағыштар жөніндегі қызу дау аясында қабылданды. 15 қазанда CNN дереккөзге сілтеме жасап, Украинада Patriot зымырандары таусылғанын хабарлады. 19 қазанда Kyiv Independent Киевте Вашингтон келіссөздерде Украинаға қысым көрсету үшін жеткізілімді әдейі созып отыр деген күдік бар екенін жазды. АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет 21 қазанда мұндай жарияланымдарды «жалған ақпарат» деп атады. Ол Пентагонның Украинаға қатысты ұстанымы өзгермегенін, алайда АҚШ өз әскері үшін мүмкіндігінше көп зымыран-ұстағыш қалдырғысы келетінін айтты. 29 қазанда Euronews НАТО-дағы дереккөздерге сілтеме жасап, одақтастар жеткізілім 3 қарашадағы АҚШ Конгресінің аралық сайлауынан кейінге шегерілуі мүмкін деп алаңдайтынын жазды.

Осы кезде Ресей Украина қалаларын баллистикалық зымырандармен атқылауын жалғастырып жатыр. Владимир Зеленский бұған дейін екі аптада Киевке 100-ден астам баллистикалық зымыран ұшырылғанын айтып, Patriot зымырандарының жетіспеуін украин әуе қорғанысының басты мәселесі деп атаған. 30 қазанға қараған түні Ресей зымырандары Киевке қайта соққы беріп, бір адамның өмірін қиды. Ал 29 қазанда Ресейдің реактивті дроны Днепр вокзалына тиіп, қаза тапқандар саны 15-ке жетті.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз