Мазмұнға өту

Өскеменде үш облысқа қызмет көрсететін гематология орталығы ашылды

Енді қанның күрделі ауруларын емдеу, оның ішінде сүйек кемігін трансплантациялау үшін науқастарға республикалық клиникаларға жиі баруға тура келмейді.

Открытие Гематологического центра в Усть-Каменогорске

Өскеменде 30 қазанда Шығыс Қазақстандағы алғашқы Гематология орталығы ашылды. Мұнда қанның күрделі ауруларына шалдыққан Шығыс Қазақстан, Павлодар және Абай облыстарының тұрғындарына мамандандырылған әрі жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетіледі. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі хабарлады. Орталық іске қосылғандықтан, үш өңірдің тұрғындары республикалық клиникаларға сирек баратын болады.

Кешеннің жалпы аумағы 38 мың шаршы метрден асады. Оның құрамында 148 төсектік емдеу корпусы, науқастар мен оларға ілесіп келген туыстарына арналған пансионат және инженерлік жүйелер орналасқан техникалық блок бар.

Орталық 256 тілімді компьютерлік томографпен, қуатты ангиографиялық жүйелермен және дің жасушаларын өсіретін зертханалармен жабдықталған. Мұнда онкогематологиялық аурулар мен тамыр патологияларын анықтап, күрделі ем-шаралар жасалады, соның ішінде сүйек кемігі трансплантацияланады. Орталықта жұмыс істеу үшін 35 дәрігер, инженер және мейіргер еліміздегі және шетелдегі жетекші клиникаларда оқудан өтті.

Ашылу салтанатына ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев пен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.

Нысанның құрылысы 2020 жылы басталып, пайдалануға беру мерзімі бірнеше рет шегерілген. Бұған дейін орталықты 2026 жылдың жазында ашу жоспарланған еді. 2025 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылысты аяқтауға Арнайы мемлекеттік қордан 34 млрд теңге бөлінді. Бұл қор елге қайтарылған активтер есебінен толығады. Өңірлерде гематологиялық көмекті дамыту жалпыұлттық жоспарға енген: 2028 жылға дейін 17 өңірде 49 жаңа бейінді бөлімше ашылуы тиіс.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз