UFC-дің екі салмақ дәрежесіндегі бұрынғы чемпионы Илия Топурия жартылай жеңіл салмақ чемпионы Александр Волкановскиді промоушендегі он жылымен құттықтады. Грузин тектес испандықтың сөзін X әлеуметтік желісінде Engage медиажобасы жариялады.
«Волктың маған ең ұнайтын сәті қайсы? Оның октагонда да, одан тыс жерде де ұлы сәттері көп, бірақ солардың бірі — баспасөз мәслихатына қарт адамның кейпінде келгені шығар. Ал Мовсармен [Евлоевпен] өткен соңғы жекпе-жегінде ол қарсыласынан деңгейі жағынан әлдеқайда асып түсті. Оның аңызға айналған сәттері өте көп. Құттықтаймын, Волк. Біз сені жақсы көреміз. Біз сені құрметтейміз. Жалғастыра бер, бауырым», — деді Топурия.
Бұл жылы лебіз екеуінің бәсекелестік тарихын ескергенде ерекше бағалы. 2024 жылғы ақпанда UFC 298 турнирінде Топурия Волкановскиді екінші раундта нокаутқа түсіріп, жартылай жеңіл салмақтағы белбеуін тартып алған. Кейін испандық жеңіл салмаққа ауысып, онда да чемпион атанды, ал австралиялық жартылай жеңіл салмақтағы титулын қайтарып алды.
Волкановски UFC-де 2016 жылғы қарашада алғаш рет жұдырықтасқан. Соңғы жекпе-жегін ол ресейлік Мовсар Евлоевпен өткізіп, жеңіске жетті. Қазір австралиялықтың жеңіл салмақ чемпионы Джастин Гейджимен суперфайт өткізуі мүмкін екені талқыланып жатыр. Алайда Арман Царукянның пікірінше, мұндай жекпе-жек үшін америкалыққа алдымен чемпион атағынан бас тартуға тура келеді.



