Сидни Кросби, Евгений Малкин және Крис Летанг НХЛ тарихында тұрақты чемпионаттарда бірге 500 жеңіске жеткен алғашқы үштік атанды. Мерейлі жеңісті «Питтсбург» Астана уақытымен 28 қарашаға қараған түні алды: «пингвиндер» сырттағы ойында «Баффалоны» 6:3 есебімен жеңіп, қатарынан бес жеңілістен тұратын сериясын үзді. Тарихи жетістік туралы НХЛ хабарлады.
Үшеуі де осы матчта көзге түсті. Летанг бірінші кезеңнің аяқталуына 40 секунд қалғанда есепті теңестірді — 2:2. Бұл шайба қорғаушының мансабындағы 818-ұпайы болды, ол бір клуб сапында ең көп ұпай жинаған қорғаушылар тізімінде Виктор Хедманды басып озды — енді Летанг сегізінші орында. Малкин гол соғып, нәтижелі пас берді: сиренаға екі минут қалғанда ол бос қақпаға шайба соғып, түпкі есепті белгіледі.
«Баффало» 31-секундта-ақ Иржи Кулихтың голымен алға шықты, ал Расмус Далин көпшілік құрамда шайба соққаннан кейін үй иелері 2:1 есебімен алда болды. Бетбұрыс бірінші және екінші кезеңнің тоғысында болды. Летанг, Вилле Койвунен және Блейк Лизотт шайба соққаннан кейін есеп 4:2 болды, «Баффало» қақпашысы Укко-Пекка Луукконенді ауыстырды. Үй иелері айырманы қысқартты, бірақ Койвунен мен Малкин жеңісті қамтамасыз етті. «Питтсбургтің» ресейлік қақпашысы Сергей Мурашов 20 соққыны қайтарды.
«Жігіттер үшін қатты қуаныштымын. Мұндай ойыннан кейін әркім өз үлесін қосқандай сезіммен шығасың. Енді осының үстіне құруымыз керек», — деді матчтан кейін «Питтсбургтің» бас бапкері Дэн Мьюз.
Кросби, Малкин және Летанг «Питтсбургте» 2006/07 маусымынан бері бірге ойнап келеді, клубпен бірге Стэнли кубогын үш рет — 2009, 2016 және 2017 жылдары жеңіп алды. Биылғы маусым «пингвиндер» үшін қиын өтіп жатыр: осы жеңістен кейін команданың 8 жеңісі, негізгі уақытта 15 жеңілісі және овертайм не буллиттегі 2 жеңілісі бар.



