Мазмұнға өту
2026 жылғы 29 қараша, жексенбі

UFC экс-чемпионы Гарбрандт соңғы жекпе-жегін Кливлендте өткізеді

35 жастағы америкалықтың келісімшарты бойынша бір жекпе-жегі қалған, оның айтуынша, UFC оны өткізіп, мансабын аяқтауға рұқсат берді.

Бывший чемпион UFC в легчайшем весе Коди Гарбрандт
Фото: YouTube / Wikimedia Commons

UFC-дің 61 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі бұрынғы чемпионы Коди Гарбрандт мансабындағы соңғы жекпе-жегін 2027 жылғы 13 ақпанда туған штаты Огайодағы Кливленд қаласында өтетін UFC турнирінде өткізетінін мәлімдеді. Бұл туралы 35 жастағы америкалық MMA Junkie басылымына берген сұхбатында айтты. Қарсыласы әзірге белгісіз, UFC жекпе-жекті ресми түрде жариялаған жоқ.

«Келісімшарт бойынша бір жекпе-жегім қалды, [UFC] оны өткізіп, осымен аяқтауға мүмкіндік береді. Ақпанда Кливлендке үміт артып отырмыз. Қарсылас әзірге жоқ, бірақ сол күн болатын сияқты, бұл — менің UFC-мен қоштасуым», — деді Гарбрандт. Оның айтуынша, бұл жөнінде промоушеннің матчмейкері Шон Шелбимен келісім бар.

MMA Fighting басылымымен әңгімесінде жекпе-жекші шешімін отбасымен байланыстырды: «Қызым он айлық, ұлым сегіз жаста, ақпанда тағы бір ұлым дүниеге келеді, сондықтан біз Кливлендте жұдырықтасамыз және бұл менің соңғы жекпе-жегім болады деп ойлаймын». Қоштасу жекпе-жегіне ең лайықты қарсылас ретінде Гарбрандт ежелгі қасы Ти Джей Диллашоуды атады, оған ол екі рет нокаутпен жеңілген.

Октагонмен қоштаспас бұрын америкалық кілемге шығады: сенбі, 28 қарашада ол Чикаго маңында өтетін RAF 15 турнирінде Серхио Петтиспен еркін күрестен белдеседі.

Гарбрандт мансабының шыңы 2016 жылдың желтоқсанына тура келді: ол сонда Доминик Крусты жеңіп, UFC белбеуін иеленді. Алайда алғашқы қорғауында-ақ Диллашоуға есе жіберді, содан кейін мансабы құлдырай бастады: соңғы 12 жекпе-жекте америкалықтың төрт жеңісі мен сегіз жеңілісі бар. Шілдеде ол Адриан Янеске нокаутпен жеңілді. Гарбрандттың ММА-дағы жалпы рекорды — 15 жеңіс пен 8 жеңіліс.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз