Грэпплингтен қазақстандық әлем чемпионы Әйгерім Әбілқадырова бейтаныс адамның оған киген шұлығы үшін 10 мың доллар (шамамен 4,6 млн теңге) ұсынғанын айтты. 30 жастағы спортшы бұл оқиғамен өзінің Instagram парақшасында бөлісіп, бейнежазбаға «Енді менің бизнес-жоспарым пайда болды😂» деп жазды.
Әбілқадырованың айтуынша, ер адам оның электронды поштасына жазып, бұрын киген киімін сатуға дайын ба деп сұраған. «Алғашында жай елемедім, бұл қандай да бір әзіл шығар деп ойладым, бірақ біраз уақыттан кейін ойладым: неге жауап бермеске? Ол ешбір ұялмастан менің шұлығым қанша тұратынын сұрай бастады, мен жай әзілдеп: 10 мың доллар деп жауап бердім», – деді ол.
Бұл баға жанкүйерді үркітеді деген есеп ақталмады. «Таңғалғаным, бұл баға оны мүлде тосылтпады. Ол: „Жақсы, ал сен оларды қанша уақыт кидің?“ деп жазды. Осы хабарламадан кейін мен оған жауап беруді қойдым, бірақ ол күн сайын поштама жазып, шұлықтарымның жайын сұрап жүр», – деп мойындады спортшы. Міне, оның бейнежазбасы:
Әбілқадырова бес жасынан дзюдомен айналысады, 2012 жылдан бері Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсетіп келеді. 2018 жылы ол грэпплингтен әлем чемпионы атанды, кейін дзюдодан Азия чемпионатын ұтты, ал 2022 жылы Miss Europe Continental сұлулық байқауында жеңіске жетті. Спортшы мансабын блогерлікпен қатар алып жүр – Instagram-да оған 1,3 миллионнан астам адам жазылған.



