Маңғыстау облысында құтқарушылар үрлемелі қайықпен жағадан ағып кеткен екі ересек адамды Каспий теңізінен аман алып шықты, кейін оларға судағы қауіпсіздік ережесін бұзғаны үшін айыппұл салды. Оқиға 28 қарашада Түпқараған ауданында болды, деп хабарлады ТЖМ.
Теңіздегі қатты толқын қайықты ашық теңізге алып кеткен. «Оқиға орнына құтқарушылар жедел жетті. Олардың жедел әрі үйлесімді әрекетінің арқасында адамдар жағадан үш шақырым жерден табылып, қауіпсіз орынға жеткізілді. Олар медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ», – делінген ведомство хабарламасында.
Құтқарылғаннан кейін екеуіне де Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 412-бабы бойынша – судағы қауіпсіздік ережесін бұзғаны үшін – хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Айыппұл мөлшерін ТЖМ атамады.
Ведомство ауа райы қолайсыз кезде және теңіз қатты толқығанда суға шықпауды, үрлемелі қайықпен жағадан алыс кетпеуді және міндетті түрде құтқару кеудешесін киюді ескертті.



