Нигерде қарулы адамдар батыстағы Тиллабери өңірінің Санам ауылындағы Ұлттық гвардия бекетіне шабуыл жасап, кемінде 13 сарбазды өлтірді, тағы 20-сы жараланды. Бұл туралы 26 қарашада, бейсенбіде, Нигер Қорғаныс министрлігі мемлекеттік телеарнада оқылған мәлімдемесінде хабарлады. Бұл ақпаратты AFP-ға сілтеме жасап Africanews жеткізді. Ведомство шабуылды «ауыр қаруланған жауынгерлердің үлкен тобы» жасаған лаңкестік әрекет деп атады.
Қаза тапқандар саны – алдын ала дерек. Министрліктің мәліметінше, жараланғандардың бірнешеуінің жағдайы ауыр. Қаза тапқан гвардияшылар жихадшыларға қарсы операцияға қатысқан. Әскерилер шабуылдаушыларды қуып жүр. Министрліктің айтуынша, жауынгерлердің бір бөлігі жойылып, техникасы құртылды. Шабуылдың артында кім тұрғанын билік хабарлаған жоқ.
Тиллабери өңірі Нигер, Мали және Буркина-Фасо шекаралары түйіскен жерде орналасқан. Ол «Әл-Қаида» мен «Ислам мемлекетіне» (ұйымдардың қызметіне Қазақстанда тыйым салынған) байланысты жихадшылар шабуылының ошағына айналған. ACLED мониторинг ұйымының дерегінше, 2025 жылы бұл Орталық Сахельдегі ең қанды өңір болды, мұнда бейбіт тұрғындарға жиі шабуыл жасалған. 12 қарашада осы өңірдегі Тера қаласының маңында белгісіз қарулы адамдар тосқауыл қойып, кемінде 37 бейбіт тұрғынды өлтірді.
2023 жылғы шілдедегі әскери төңкерістен бері Нигерді хунта басқарады. Жаңа билік АҚШ пен Франциямен әскери ынтымақтастықтан бас тартып, Ресейге арқа сүйеді. Биылғы тамызда әскерилердің бір бөлігі хунтаға қарсы бүлік шығарды, оны ресейлік әскерилердің қолдауымен хунтаға адал күштер басып тастады.



