Димаш Құдайберген Лимада Перу музыкасының басты жұлдыздарының бірі – әнші Ева Айльонмен кездесті. Олардың құшақтасқан сәтін Айльон 27 қарашада, Димаштың Перудегі алғашқы концертіне бірнеше күн қалғанда, Instagram парақшасында жариялады.
«Сені қайта көріп, әсіресе тағы да құшақтағанда қандай қатты толқығанымды сөзбен жеткізе алмаймын, менің қымбатты Періштем. Жүректе мәңгі сақталатын кездесулер болады. Сенің қасыңда тағы болу қандай бақыт. Өмір сені әрі қарай да жарылқап, қуаныш пен табысқа бөлей берсін, жолыңды үнемі нұрландыра берсін. Сені қатты жақсы көремін және саған тәнтімін», – деп жазды әнші.
Кездесу видеосын Ева Айльон өз Instagram парақшасына салды:
Перудің La República газетінің хабарлауынша, кездесу 26 қарашада, Димаш Лимаға ұшып келгеннің ертеңінде өтті. Айльон артистен өзін күтуін өтінді, оған Перуде сәттілік тұмары саналатын қызыл-қара дән – уайруроны және қолтаңбасы қойылған дискісін сыйлады. Кездесу кадрларын концерт ұйымдастырушылары да көрсетті.

Олардың достығы 2019 жылы басталған. Айльон Димашты анасы қайтыс болғаннан кейінгі күні алғаш естігенін талай рет айтқан: YouTube-ты қосқанда SOS әні шыққан. Сол сәтте оған анасы осы музыка арқылы жұбатып тұрғандай көрінген. Содан бері әнші қазақстандық артистің адал жанкүйері, яғни Dear болды. Кейін ол Димаштың Нью-Йорктегі концертіне ұшып барып, сахна сыртында онымен танысқан.
Ева Айльон 70 жаста. Ол – жарты ғасырдан астам сахнада жүрген перулік креол музыкасының жұлдызы. 2019 жылы әнші музыкаға қосқан үлесі үшін Latin Grammy құрметті сыйлығын алған.
Димаштың Лимадағы концерті 1 желтоқсанда Costa 21 алаңында өтеді. Осы концертпен артист Dimensions әлемдік турының Латын Америкасындағы бөлігін аяқтайды. Оған дейін ол Чилиде аншлагпен өнер көрсетті. Лимада әншіні өзімен есімдес перулік бала да күтіп алды.



