2025 жылы әлемде қызылшадан шамамен 72 мың адам қайтыс болған, бұл 2000 жылмен салыстырғанда 91%-ға аз. Бұл деректі 27 қарашада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаңа баяндамасында келтірді. Қызылшадан болатын өлім-жітім бұрын-соңды мұндай төмен болмаған, ал ДДСҰ есебінше, екпе 2000 жылдан бері 60 миллионнан астам адамның өмірін сақтап қалған.
Дегенмен ДДСҰ вакцинациямен қамту әлі де жеткіліксіз әрі біркелкі емес екенін ескертті. 2025 жылы әлемдегі балалардың 84%-ы вакцинаның бірінші дозасын, 77%-ы екінші дозасын алған. 29 миллионнан астам бала мүлде екпе алмаған немесе толық алмаған. 59 елде ірі індет тіркелді, оның 11-і бұрын қызылша жойылған деп саналған елдерде болды. Табысы төмен елдерде балалардың 69%-ы бірінші дозаны, 57%-ы екінші дозаны алса, бай елдерде бұл көрсеткіш 93% және 91% болған.
«Вакциналардың өмір сақтаудағы ерекше күшінің арқасында қызылшадан болатын өлім ешқашан мұндай төмен болған емес. Бірақ қызылша бейғамдықты кешірмейді. Оны жойған елдер енді бұл мәртебесінен айырылып жатыр. Жою — мәреге жету емес. Оны қорғау керек: әр балаға, барлық жерде вакцинаның екі дозасы», — деді ДДСҰ бас директоры Тедрос Аданом Гебрейесус.
ДДСҰ бағалауынша, 2025 жылы барлығы 10 миллионға жуық адам қызылшаны жұқтырған. Жағдайлардың жартысына жуығы Оңтүстік-Шығыс Азия өңіріне тиесілі. Америка өңірінде 2000 жылдан бері ауырғандар саны сегіз есе өсіп, 73 мыңға жетті, ал COVID-19 пандемиясына дейін 90%-дан жоғары болған екпемен қамту ол жақта одан төмен түсіп кетті. Еуропаның бірқатар елінде де қамту деңгейі ең төмендердің қатарында, дегенмен тұтас өңір бойынша балалардың 92%-ы бірінші дозаны алады.
2025 жылдың соңына қарай 95 ел қызылшаны жойғанын растады, бірақ бұл тізім қысқарып келеді. 17 қарашада Панамерикалық денсаулық сақтау ұйымы АҚШ, Мексика мен Боливияның қызылшадан азат ел мәртебесінен айырылғанын жариялады, бір жыл бұрын Канада да осы мәртебесін жоғалтқан. 2026 жылғы қаңтарда ДДСҰ-ның Еуропалық бюросы қызылша өңірдегі алты елге — Ұлыбританияға, Испанияға, Австрияға, Арменияға, Әзербайжанға және көршілес Өзбекстанға қайта оралғанын хабарлады.
Қазақстан ДДСҰ-ның Еуропалық өңіріне кіреді, ДДСҰ дерегінше, 2024 жылы елде өңірдегі ең ірі індеттердің бірі тіркеліп, шамамен 28 мың адам ауырған. 2026 жылы сырқаттанушылық қайта өсті: мамырға қарай Денсаулық сақтау министрлігі 5 мыңнан астам науқас тіркелгенін, олардың 76,3%-ы екпе алмағанын хабарлаған. 17 қарашада Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасы бір баланың қызылша асқынуынан көз жұмғанын мәлімдеді. Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі ДДСҰ-ның жаңа баяндамасына әзірге пікір білдірген жоқ. Елде қызылшаға қарсы жоспарлы екпе екі рет — 1 және 6 жасында салынады.
Қызылша — ауа-тамшы жолымен берілетін ең жұқпалы вирустық инфекциялардың бірі. Тамақтану жақсы, медицина қолжетімді жерде де ол соқырлық, пневмония және мидың зақымдануына әкеліп, өлімге себеп болуы мүмкін энцефалит сияқты ауыр асқынулар береді.



